Батыс Қазақстанда 700-ден астам жас әскер қатарын толықтырады

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында жастарды әскери қызметке шақырту жұмысы жүргізіліп жатыр. 

Батыс Қазақстанда 700-ден астам жас әскер қатарын толықтырады
Фото: Қорғаныс министрлігі

БҚО қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары, әскерге шақыру және әскерден тыс жұмыс басқармасының бастығы, подполковник Альберт Бекмұхановтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, жергілікті атқарушы органдардың әскерге шакыру пункттерінде әкімдер орынбасарларының төрағалық етуімен қалалық және аудандық әскерге шакыру комиссиялары 1 қыркүйектен өз жұмысын бастады.

Оның сөзіне қарағанда, Батыс Қазақстан облысы бойынша 31 желтоқсанға дейін Қарулы күштер, ҰҚК Шекара қызметі, Ұлттық ұлан және мемлекеттік күзет қызметін 700-ден астам әскерге шақырылушы толықтырады. 

– Қолданыстағы заңға сәйкес әскерге шакыруды кейінге калдыруға немесе одан босатылуға негіздері жоқ он сегіз жастан жиырма жеті жасқа дейінгі Қазақстан Республикасының азаматтары мерзімді әскери қызметке шакырылуға жатады. Олар Электрондық үкімет порталы арқылы шақыртылады. Аталған қызметтерді көрсетуге жергілікті атқарушы органдар жауапты, - деді А.Бекмұханов.

Оның айтуынша, қазіргі таңда SMS-хабарламалар таратылып, сондай-ақ үй және қызметтік мекенжайлары бойынша жеке шақыру қағаздары жіберіліп жатыр. 2025 жылдын 16 қыркүйегінен бастап SMS-хабарламаларды ала отырып шақыру учаскесіне келмеген азаматтарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылады.

– Қазіргі таңда мерзімді әскери қызметтен жалтару деректері әлі де кездеседі. Олардың көбі шақыру қағазын беру мүмкіндігінің болуына байланысты екенін айта кеткен жөн. Жастарды әскерге шақыру жергілікті полиция басқармалары арқылы қамтамасыз етіледі. Биылғы көктемгі әскерге шақыру кезінде 62 үй иесі үй-жайларда нақты тұрмайтын адамдарды тіркеуге жол бергені үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодесінің 493-бабына сәйкес жауапқа тартылды. Дегенмен өңірде әскери қызметтен жалтару дерегі азайып келеді, - деді басқарма бастығы. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда әскерге барудан қашқан төрт жігіттің бірі ауыр халде жатқанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар