Батыс Қазақстанда 75 мыңнан астам оқушы қашықтан білім алып жатыр

онлайн
Фото: Мухтор Холдорбеков / Kazinform

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында төтенше жағдайға байланысты 15 сәуірден бастап Жайық өзенінің жағалауында орналасқан Ақжайық, Бәйтерек, Бөрлі, Теректі аудандары және Орал қаласының мектептері мен кәсіптік-техникалық және қосымша білім беру ұйымдарында шәкірттер қашықтан оқып жатыр.

БҚО білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаеваның өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, қашықтықтан оқу onlineMektep.org, BilimAll.kz, Daryn.оnline платформалар арқылы ұйымдастырылуда, платформаның мобильді нұсқалары да жұмыс жасайды. 

Айгүл Әділгерейқызының сөзіне қарағанда, аталған аудандар мен Орал қаласында 130 мектеп бар болса, күні бүгін соның 103-інде 75 591 оқушы қашықтан білім алуда. Ал Ақжайық ауданының Жайық жағалауында орналасқан 33 мектебі жергілікті жағдайға байланысты дәстүрлі түрде оқуда.

«Мектеп директорларына педагогикалық ұжым мен оқушылар арасында түсінік жұмыстарын жүргізу, су тасқыны кезінде қашықтықтан оқуға көшу мәселесін педагогикалық кеңесте талқылап, оқушыларды қажетті компьютерлік техникамен қамтамасыз ету тапсырылды. Бұл мәселе білім басқармасының, аудандық және қалалық білім бөлімдерінің бақылауында. Ата-аналардан су тасқыны кезінде балалардың қауіпсіздігін қадағалап, бақылаусыз қалдырмауға баса назар аударуды сұраймыз. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің 10 сәуірде өткен жиналысының хаттамасына сәйкес Атырау және Ақтөбе облыстарындағы мектептерде ағымдық бақылау өткізу тоқтатылды. Біздің облыс бойынша ағымдық бақылау өткізу туралы шешім жергілікті жағдайға байланысты қабылданатын болады», - деді А.Мыңбаева.

Басқарма басшысының айтуынша, білім алушылардың білім жетістіктері мониторингі биылғы сәуірге жоспарланған болатын. Облыс бойынша 87 мектеп енгізілді. Су тасқыны жағдайына байланысты  2 мектепте (Бөрлі ауданы Ақсай қаласы №8 мектеп, Теректі ауданы Подстепный №1 мектебі) өткізілмейтін болды. Қалған 85 мектепте өткізу мерзімі мамыр айына ауыстырылды. 

1 сәуірден бастап 31 тамызға дейін білім беру ұйымдарына бірінші сыныпқа қабылдау жүргізілуде, 2024-2025 оқу жылына алдын ала деректер бойынша 1 сыныпқа 12 483 оқушы қабылданбақшы. Күні бүгінге дейін 2 177 өтініш түсті, бұл – болжамды санның 17,4 пайызы. Өтініштер www.egov.kz «электрондық үкімет» веб-порталы және білім беру ұйымдары арқылы қабылданады. 

«Бүгінгі таңда 16 792 студент оқитын 36 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымының Орал қаласында орналасқан 22-сінде (13 792 студент) білім алу қашықтықтан оқу форматына ауыстырылды (college.snation.kz). Жатақханалары бар 4 колледжде эвакуациялық пункттер орналасты. Облыс бойынша білім нысандарында 6 эвакопункт жұмыс жасап тұр (Қаратөбе – 1, Бөрлі – 1, Орал қаласы – 4). Екі жоғары оқу орнында 3 эвакопункт жасақталды. Қажет болған жағдайда білім нысандарынан 164 эвакуациялық пункт ашу мүмкіндігі бар, оның ішінде 149-ы мектептен, 15-і колледжден. Облыста 13 эвакуациялық пункт болса, онда 968 бала тұрып жатыр», - деді А.Мыңбаева.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда жауынгердің жалғыз өзі 30-ға жуық адамды тасқын судан аман алып шыққанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Оралда жеті балабақша уақытша жабылды.

Батыс Қазақстанда 2 300-ге жуық адам эвакуациялық пункттерде жатыр.

Соңғы жаңалықтар