Батыс Қазақстанда 8,6 млрд теңге игерілмей қалған
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысы бюджетінің шығыс бөлігінде әлеуметтік салаға баса назар аударылып келеді.

БҚО қаржы басқармасының басшысы Нұрлан Есенғалиевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, биыл бірінші жартыжылдықта әлеуметтік салаға 310 млрд теңге қаралған немесе бұл – бюджет көлемінің 52,2 пайызы.
Нұрлан Мұхитұлының сөзіне қарағанда, экономиканың нақты секторына 199,3 млрд теңге (33,6 пайыз), соның ішінде аграрлық-өнеркәсіптік салаға 76,9 млрд, көлікке 56,4 млрд, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа 66 млрд теңге берілген.
- Облыс бюджетінің шығыстары бірінші жартыжылдықта 263 млрд теңгеге немесе жоспар 96,9 пайызға (2024 жылы осы мерзімде – 251 млрд, өсім – 12 млрд теңге) орындалды. Облыс бойынша 8,6 млрд теңге игерілмеген, - деді Н.Есенғалиев.
Оның айтуынша, осы жылы даму бюджетіне 69,6 млрд теңге бағытталды. 1 шілдеге дейін жоспардағы 31,9 млрд теңгенің 24,8 млрд теңгесі немесе 77,6 пайызы игерілді. Сол секілді республикалық бюджеттен мақсатты трансферттер мен несиелер бойынша жоспар 26,3 млрд теңге болса, ол тек 73,9 пайызға (19,4 млрд) орындалды. Мұның басты себебі – жоғары тұрған бюджеттен трансферттердің түспеуі (4,9 млрд теңге).
- Бүгінгі таңда облыстың жылдық бюджеті 593,9 млрд теңге болса, соның 35,4 пайызы немесе 210,3 млрд теңгесі жергілікті деңгейге түсетін салықтар мен салықтық емес төлемдерден, яғни өзіндік кірістерден тұрады. Ал 55,5 пайызы (329,8 млрд) - республикалық бюджеттен берілетін субвенцияға және мақсатты трансферттерге тиесілі. 1 шілдедегі мәліметке сәйкес өз кірістері бойынша нақтыланған жылдық жоспар 210,3 млрд болса, осы кезеңде жоспардағы 105,9 млрд теңгенің орнына жергілікті бюджетке 125,9 млрд теңге түсті немесе 118,9 пайызға орындалды. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, меншікті кірістердің өсу қарқыны 114,6 пайызға жетіп, өсім 16,3 млрд теңге болды, - деді басқарма басшысы.
Оның мәлімдеуінше, биылғы бірінші жартыжылдықта сондай-ақ мемлекеттік бағалы қағаздар шығарылымынан 2,9 млрд теңге көлемінде нақты түсім алынды.
Жалпы, мемлекеттік бағалы қағаздар биылғы 28 мамырда ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген қарыз алу мақсаттарының тізбесі аясында, атап айтқанда, тұрғын үй салу және сатып алу, тұрғын үй құрылысы салынатын аудандардың инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасына орай желілер мен жүйелерді салу және жаңғырту бағытында шығарылады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын өңірлер орталыққа жалтақтамай, өз бюджетімен күнін көре ала ма, соны жазған едік.