Батыс Қазақстанда ағаштар неге жерсінбейді – министрлік жауап берді
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында егілген ағаштардың жерсіну деңгейінің төмендігі жөнінде Kazinform агенттігі мәселе көтерген еді.

Онда БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының деректеріне сәйкес күзгі түгендеу қорытындысы бойынша орман дақылдарының жерсінуінің орташа көрсеткіші 2021 жылы — 44,9%, 2022 жылы — 41,6%, 2023 жылы — 41,3 пайыз болған еді.
Ал кейбір экологтардың пікірінше, ағаштардың жерсінуі 25 пайыз шамасында.
Осы мәселеге орай Экология және табиғи ресурстар министрлігінен жауап келді. Хатта айтылғандай, Батыс Қазақстан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы тексеру жоспарына және орман дақылдарына түгендеу қағидасына сәйкес жыл сайын орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемелерде тексеру жүргізеді.

Тексеру қорытындысы бойынша инспекция орман дақылдарының жерсіну деңгейінің төмендігінің мынадай негізгі себептерін анықтаған:
— отырғызу материалын тасымалдауға қойылатын талаптарды сақтамау;
— агротехникалық іс-шаралардың бұзылуы;
— қолайсыз ауа райы жағдайлары (мысалы, 2024 жылы су тасқынынан кейін питомниктер мен орман екпелері шайылып кетті);
— орман дақылдары учаскелерінің жабайы жануарлар мен үй малдарының зақымдануынан сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі шаралардың болмауы.

Қолданыстағы орман заңнамасына сәйкес 15 пайыздан астамы жойылған орман дақылдары толықтырылуға жатады.
— Орман дақылдарының жойылуы біркелкі емес учаскелерде толықтыру кез келген, бірақ жерсіну 25 пайыздан төмен емес кезде жүргізіледі. Орман ағаштарының жай-күйі басты тұқымдылардың алқап бойынша жерсінуіне, бөліну сипатына байланысты. Осы орайда өсімдіктердің өсіп-дамуына жәндіктер мен саңырауқұлақ ауруларының бүлдіруі, сондай-ақ төрт түлік пен жабайы жануарлардың жайылуы әсер етуі мүмкін. Орман иеленушінің кінәсінен орман дақылдарының нормативтік өмір сүруіне қол жетпеген жағдайда олар осы орман иеленушінің қаражаты есебінен толықтырылуға тиіс, — делінген ресми жауапта.
БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мәліметіне қарағанда, өңірде орман өсіру бойынша 2021-2027 жылдарға арналған жоспар бекітілген.
Осы бағдарлама аясында жалпы аумағы 15 228 гектар жерде 56,6 млн түп ағаш отырғызу көзделген.
Алайда орман дақылдарының жерсіну деңгейі ойдағыдай болмай отыр. Облыс бойынша 65 пайыз төңірегінде.

— Мемлекеттік орман қоры аумағында малдың бақылаусыз жайылуы өзекті мәселенің бірі болып қалып отыр. Мал жас өскіндерге зиянын тигізеді. Қазіргі таңда орман дақылдарын қорғау бағытында шаралар қабылдануда. Көпжылғы еңбек жемісін сақтау үшін қоршаулар орнатылып жатыр. 2024 жылы отырғызылған орман дақылдарының жерсіну деңгейі қолданыстағы түгендеу қағидасына сәйкес алдағы жылы анықталады. Бұл жасалған жұмыс нәтижесін бағалап, болашақтағы іс тәсілдерін нақтылауға мүмкіндік береді, — дейді инспекция басшысы Нұрлан Рахымжанов.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда егілген миллиондаған ағаш неге жерсінбей қурап кететінін жазған болатынбыз.