Батыс Қазақстанда егістікке қандай тыңайтқыштарды қолданған дұрыс

ОРАЛ. KAZINFORM — Егін шаруашылығында жерді тыңайтқышсыз тыңайту мүмкін емес. Тыңайтқыш топырақ сапасын да арттырады. Осы орайда Kazinform тілшісі Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті топырақты агрохимиялық талдау зертханасының меңгерушісі, PhD Әлия Нағиевамен сұхбаттасқан еді.

аграрии
Фото: swiss-singapore.com

— Әлия Ғалымжанқызы, топырақтанушы ғалым ретінде егістікке қандай тыңайтқыштарды енгізген тиімді деп санайсыз? 

— Батыс Қазақстан облысының жері негізінен қара қоңыр топырақты болып келеді. Мұндай топырақ түрі құнарлы саналады, бірақ оны егістікке пайдалану кезінде тиімділігін арттыру үшін тыңайтқышты дұрыс таңдаған маңызды. Топырақтың құрамына, егілетін дақылдарға және климаттық жағдайларға байланысты тыңайтқыштың түрі мен мөлшері өзгеруі мүмкін. 

Қара қоңыр топыраққа қайсы дұрыс дегенге келсек, ең алдымен органикалық тыңайтқыштарға тоқталған абзал. Қарашірік (гумус) топырақтың құнарын ұзақ мерзімге арттырып, құрылымын жақсартады. Құс саңғырығы азот пен фосфорға бай, әсіресе, көкөніс пен дәнді дақылдар үшін қолайлы. Көң (шіру өнімдері, компост) микроэлементтермен қамтамасыз етіп, топырақтың ылғал сіңіру қабілетін арттырады. 

а
Фото: Әлия Нағиеваның жеке архивінен

Минералды тыңайтқыштар да ұмыт қалмауы керек. Азот тыңайтқыштар (селитра, карбамид) бұршақты дақылдардан басқа, мысалы, бидай, арпаға қажет. Фосфорлы тыңайтқыштар өсімдік түбінің дамуына әсер етеді, жақсы гүлденіп, жемісінің мол болуына септеседі. 

Калийлы тыңайтқыштар (калий хлориді, калий сульфаты) дақылдардың тұрақтылығын арттырып, ауруларға төзімділігін күшейтеді.

Микроэлементтерге келсек, каштан топырақтарында кейбір микроэлементтер (мыс, бор, цинк) жетіспейді. Сондықтан микроэлементтік қоспалар, мысалы, борлы, мысты ерітінділер қолдануға болады.

— Топырақты тозудан сақтаудың жолдары қандай деп білесіз?

— Топырақтың құнарын сақтап, тозбас үшін кешенді шаралар қажет. Топырақтың түріне (қара, қоңыр), климатқа және пайдалану ерекшеліктеріне (егістік, жайылым, орман) байланысты әдістер өзгеруі мүмкін.

Әлия Нағиева
Фото: Әлия Нағиеваның жеке архивінен

Топырақты эрозиядан сақтаудың негізгі жолдары мынадай:

  • Жел және су эрозиясын болдырмау.
  • Ағаш өсіру: желге қарсы, әсіресе, далалық аймақтарда орман жолақтарын жасау.
  • Контурлы егіс: егістіктерді еңіс бойынша емес, оған көлденең жолмен жүргізу.
  • Органикалық заттармен байыту топырақты тозудан сақтайды. Яғни қарашірік (гумус) қосу: компост, құс тыңайтқышы, өсімдік қалдықтарын топыраққа араластыру.
  • Жасыл тыңайтқыштар (сидерация): арамшөптердің басуына жол бермеу үшін, мысалы, бұршақты өсімдіктер (беде, жоңышқа) егу азотты байытып, топырақты бекітеді.
  • Ауыспалы егіске мән берген жөн. Өйткені бір дақылды үздіксіз егу топырақты нашарлатады. Топырақ құрылымын сақтау есте болғаны дұрыс.
  • Минималды өңдеу (No-Till технологиясы): трактормен терең жыртуды азайтып, өсімдік қалдықтарын жердің бетінде қалдыру ылғалды ұстап, эрозияны төмендетеді.
  • Мульча қалдыру: құрғақ аймақтарда топырақ бетін сабан, шөп ұнтағымен жабуға болады.
  • Тыңайтқышты дұрыс қолдану: химиялық заттардың артық мөлшері топырақ микрофлорасын зиян келтіреді.
  • Дренаж жүйелері: су басудан қорғау үшін артық ылғалды ағызып жіберу керек.
ғалымдар
Фото: Әлия Нағиеваның жеке архивінен

Биологиялық әдістер де бар. Айталық, микориза саңырауқұлақтарын қолдану өсімдік тамырларымен симбиоз жасап, қоректік заттарды жақсы сіңіреді. Топырақ микроорганизмдерін қалпына келтіру үшін ЭМ-препараттарды (тиімді микроорганизмдер) қолданған маңызды.

Ең бастысы, топырақты тозудан сақтау үшін тек бір әдіспен шектелмей, бірнеше тәсілді біріктіру қажет. Ең тиімділері: органикалық заттарды пайдалану, контурлы егіс, сидерация және минималды өңдеу. Бұл шаралар топырақты ұзақ мерзімге сақтап, өнімділікті арттырады.

— Батыс Қазақстан табиғатында қандай ауыл шаруашылығы дақылдарын еккен қолайлы деп санайсыз?

— Өңір табиғаты құрғақ жедел континенттік болып келетіндіктен, осы климатқа төзімді және суды аса қажет етпейтін ауыл шаруашылығы дақылдарын таңдау керек. Батыс Қазақстан облысы бойынша негізінен Бәйтерек, Тасқала, Теректі, Бөрлі, Шыңғырлау аудандары және аз ғана аумақта Сырым, Ақжайық аудандарының шаруашылықтары жергілікті жағдайға бейімделген дәнді дақылдарды өсіреді. 

Негізгі дәнді дақылдардан бидай мен күзгі бидайды айтуға болады. Арпа суды аз талап етеді, мал азығы және спирт өнеркәсібі үшін қолайлы. Тары құрғақшылыққа төзімді, құмды топырақтарда да өседі.

Екіншіден, майлы және мал азықтық дақылдардан күнбағыс Батыс Қазақстанның оңтүстік аймақтарында кең таралған. Тағы бір майлы дәнді дақыл — сафлор құрғақ климатта өседі.
Құмай құрғақшылыққа шыдамды, жапырағы мен дәні мал азығы ретінде пайдаланылады.
Жоңышқа — көпжылдық шөп, топырақты азотпен байытады әрі жайылым үшін тиімді.

Көкөніс пен бақша дақылдары суармалы жерлерде өсірілетіні белгілі. Картоптың ерте пісетін сорттары қоңыр топыраққа бейімделсе, сәби, қызылша — құрғақшылыққа төзімді тамыржемістілер. Қауын-қарбыздың жергілікті тұрғындардың сұранысын қанағаттандыруда маңызы зор. Тиімді егіс әдістерін ескерген жөн. Айталық, көшеттік әдіс: қияр, баклажан сияқты көкөністер ерте пісуі үшін жылыжайларда өсіріледі.

топырақ
Фото: Әлия Нағиеваның жеке архивінен

— Егін шаруашылығымен айналысатын фермерлер мен ғалымдар байланысы қалай?

— Әрине, мұндай байланысты нығайту қажеттігі талас тудырмайды. Университеттің Агрохаб орталығында фермерлерге арналған курстар жүргізіледі. Ғалымдар аграрлық саладағы соңғы зерттеулер туралы вебинарларда дәріс береді. Сондай-ақ білім алушылар жеке шаруашылықтарда тағылымдамадан өтеді. Оған қоса университет ғалымдары мен фермерлер бірлескен инновациялық жобаларды жүзеге асыра алады. Ал агроконсультациялық орталық жеке кеңестерін береді.

— Соңғы сауал, егін шаруашылығы саласында агроном мамандар жеткілікті деп ойлайсыз ба?

— Қазақстанда егін шаруашылығы саласында агроном мамандардың саны жеткіліксіз деп санаймын. Бұл мәселе бірнеше факторға байланысты. Негізгілері қандай десеңіз, айтайын. Жастардың дені қалада қалуды құп көретіндіктен ауылдық жерде жас мамандар аз. Зерттеу бойынша агрономдардың тек 50-60 пайызы ғана агроөнеркәсіп кешенінде қызмет етеді. Өйткені бұрынғыдай ірі шаруашылықтар жоқ. Шағын фермерлер агрономды аз ғана жалақымен ұстай алмайды. Мардымсыз еңбекақыға мамандардың ауылдық жерде жұмыс істеуге бармайтыны түсінікті. Ауылдық жерде агрономдардың орташа жалақысы 150-250 мың теңге шамасында, қаладағы басқа мамандықтармен салыстырғанда төмен. 

алқап
Фото: Әлия Нағиеваның жеке архивінен

Көптеген жас мамандар тәжірибе жинағаннан кейін өзге салаларға ауысып жатады. Мұны қалай шешуге болады дегенге ойыссақ, ауылдық агрономдар үшін арнайы гранттар белгілеп, жолдамамен жіберу керек. Ол үшін «Дипломмен — ауылға» сияқты мемлекеттік бағдарламалар аясын кеңейткен орынды. Екіншіден, білім саласын жаңартуды қолға алу керек. Атап айтқанда, аграрлық университеттерді IT-фермалармен жабдықтап, шет елдермен білім бағдарламаларын әзірлеп, жүзеге асырса, артық болмайды. Сосын жалақыны көтермей, жағдайды түзеу қиын. Бұл бағытта ірі агрохолдингтермен ынтымақтастықты арттырып, тағылымдамадан өткеннен кейін жұмысқа алу кепілдігін реттесе, мәселені шешудің бір жолы болар еді. Мемлекеттік субсидияны агрономдардың əлеуметтік жағдайын жақсартуға бағыттау да назарда болса, одан ұтылмас едік.

а
Фото: Әлия Нағиеваның жеке архивінен

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақ ғалымдарының киікті арнайы тәлімбақта өсіріп, зерттеп жатқанын жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар