БҚО-да киік етін өңдейтін зауыт салу үшін инвесторлар қарастырылуда
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев өңірдегі киік санын реттеу жұмыстары туралы пікір білдірді. Облыста 10 мыңнан астам киік ауланды, 17 бригада мен 8 ет комбинаты жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

«Биылғы жылдың қорытындысы бойынша бізде киік саны 1 млн 300 мыңға жетті. Ғалымдардың пайымдауынша, бір киікке бір жылға 15 гектар жер керек екен. Сонда 1 миллион киікке 15 миллион гектар жер керек деген сөз. Бізде бір миллионға жуық ірі қара мал бар. 2 миллионға жақын қой мен ешкі бар, 350 мыңның үстінде жылқы бар. Оның бәріне жем-шөп керек», - деді Н. Төреғалиев елордада Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Әкімнің айтуынша, Экология және Ауыл шаруашылығы министрліктері киік санын реттеуге қатысты нормативтік құқықтар мен актілер қабылдады, Охотзоопром оператор болып тағайындалған.
«Бүгінде біз 10 мыңның үстінде киік ауладық, 17 бригада жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде 15 бригада ату әдісімен, екі бригада тормен аулайды. Охотзоопром 12 мыңға жуық мүйізді кесіп алып, акт жасап, нөмірлеп, әрбір киіктің мүйізін санап алды және арнайы сақтауға қойылады. Себебі киіктің мүйізін сатуға рұқсат жоқ. Киік еттерімен біздің облыста 8 ет комбинаты айналысуда, оның бесеуі біздің облыстан және Ақтөбе мен Атырау комбинаттары бар. Осы комбинаттарға әр келісіне 315 теңгеден киік еті жеткізіледі. Қалғанын әрі қарай ет комбинаттары 1200 теңгенің айналасында сатып жатыр», - деді БҚО әкімі.
Сонымен бірге, әкімге «Киік еті шыққан соң мал етіне сұраныс азая ма?» деген сұрақ қойылды.
«Киіктің етін кез келген адам алмайды, әсіресе жастардың көбі білмейді. Бұрынғы Кеңес үкіметі кезінде киік етін жеген адам болмаса, көпшілігі білмейді. Сондықтан аса қызығушылық пен сұраныс бар деп айта алмаймын. Қазір киік етіне қатысты инвесторлар да келіп жатыр, ет комбинатын салуға қызығуышлық танытуда», - деді Нариман Төреғалиев.