Батыс Қазақстанда көкөніс өсіруде қандай қиындықтар бар
ОРАЛ. KAZINFORM — Қысқы кезеңге қажетті азық-түлік қорын жасақтаудың маңызы зор. Батыс Қазақстан облысында картоп пен көкөніс жеткілікті ме? Күзгі жиын-терін қалай аяқталды? Өңірде бау-бақша өсірудің жайы қалай? Осы орайда Kazinform тілшісі салаға жетекшілік жасап отырған басшыға қоса мамандармен тілдесіп көрді.
Көкөністің жетіспейтін көлемі оңтүстік облыстардан әкелінеді
БҚО әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетовтің мәлім еткеніндей, биыл облыс бойынша 2 мың гектар алқапқа картоп және 1 375 гектарға көкөніс дақылы егілді. Бұлардан 49,5 мың тонна картоп, 25,7 мың тонна көкөніс, соның ішінде 5,4 мың тонна пияз, 3,9 мың тонна қырыққабат және 3,6 мың тонна сәбіз жиналды.
Алынған өнімді шашау шығармай сақтау маңызды. Облыста картоп пен көкөністі сақтауға арналған сыйымдылығы 62,3 мың тонналық 35 қойма болса, соның 28-і (60,9 мың тонна) — заманауи қоймалар. Облыс халқының қысқы-көктемгі кезеңде көкөністерге қажеттілігін ескерсек, өңір заманауи қоймалармен шартты түрде 93 пайызға қамтылған.
«Қазіргі таңда қоймаларда 32 мың тонна картоп пен көкөніс сақталып тұр. Соның ішінде 23,4 мың тоннасы картоп (4 мың тоннасы — тұқымдық, 19,4 мың тоннасы — азықтық картоп) болса, 2,1 мың тоннасы — қырыққабат, 2,7 мың тоннасы — сәбіз, 4 мың тоннасы — пияз. Көкөністің жетіспейтін көлемі республиканың оңтүстік облыстары есебінен толықтырылады», дейді облыс әкімінің орынбасары.
Оның айтуынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру күн тәртібінен түскен емес. Осы мақсатта жергілікті бюджеттен 5,3 млрд теңге бөлінсе, соның 2,8 млрд теңгесі «Айналым схемасы» тетігі аясында, 2,5 млрд теңгесі тұрақтандыру қорын қалыптастыруға қарастырылды.
Күні бүгін 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 11 түрі бойынша 3,5 млрд теңгеге 16 960 тонна қор жинақталған. Атап айтқанда, 2024-2025 жылғы маусымаралық кезеңге 1,7 млрд теңгеге 12 237 тонна картоп пен көкөніс өнімдеріне (картоп — 4 293 тонна, пияз — 4 550 тонна, сәбіз — 1 794 тонна, қырыққабат — 1 600 тонна) және 5 млн дана тауық жұмыртқасына келісімшарт жасалды.
Сонымен қатар 1,7 млрд теңгеге өзге де әлеуметтік маңызы бар 4 223 тонна азық-түлік тауарына (күріш — 214,5 тонна, қарақұмық — 146 тонна, қант — 1 976 тонна, күнбағыс майы — 255 мың литр, қырыққабат — 14 тонна, пияз — 1,8 тонна, картоп — 49 тонна, майлылығы 2,5 пайыз сүт — 1 400 тонна, 1 сұрыпты нан — 167 тонна) және 1 млн дана тауық жұмыртқасына сондай келісім бар.
Облыс әкімі Нариман Төреғалиев қала тұрғындары алдында есеп берген кезде өңірде суармалы жерді тиімді пайдалану керектігін атап көрсетті. Оның келтірген мәліметіне қарағанда, суармалы жер көлемі 11 589 га болса, соның 10 160 гектарына түрлі дақыл егілген. Осының 3 254 гектарына картоп, көкөніс пен бақша дақылдары өсірілген. Жалпы, 9 340 гектар алқапқа су үнемдеу технологиясы қолданылған.
«2025 жылы суармалы жер көлемін 13 700 гектарға жеткізе отырып, картоп-көкөніс, біржылдық және көпжылдық мал азықтық дақылдар алқаптарын ұлғайтуды жоспарлап отырмыз», деді әкім.
Өнімді жинаумен бірге өңдеу де маңызды. Мемлекет басшысының негізгі азық-түлік өнімдерінің импортын азайту бағытында алдағы үш жылда ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу көлемін 70 пайызға жеткізуді тапсырғаны белгілі.
Бұл ретте өңірде өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің үлесі 2023 жылы 48,4 пайыз болса, жыл соңында оны 60 пайызға жеткізу (тоғыз айда 51,4 пайызға жеткен) жоспарланған.
Ең басты мәселе — жұмыс қолының жетіспеуі
Батыс Қазақстан облысында көкөніс өсірумен арнайы айналысатын шаруашылықтар бар. Соның бірі — Бәйтерек ауданы Мичурин ауыл округіндегі «Жаңа әлем» шаруа қожалығының басшысы Анатолий Кан биыл 4 мыңнан астам тонна көкөніс жинағанын жеткізді.
«Өнім деңгейі біздің шаруашылық үшін қалыпты деуге болады. Дегенмен бұдан да жоғары және сапалы өнім алуды мақсат етіп келеміз. Ол үшін, әрине, жұмыстану керек», дейді қожалық басшысы.
А.Кан өнімнің 90 пайыздайын батысқазақстандық тұтынушыларға өткізгенін айтты. Бұл жерде жергілікті тұтынушыларға басымдық беріледі. Кейде көршілес елдер мен облыстарға да жөнелтуге тура келеді.
Қожалық басшысы осыншама еңбекпен жиналған өнімді бұзбай сақтау үшін Аграрлық несие корпорациясының қолдауымен 3 200 тонналық көкөніс қоймасын салып алғанын тілге тиек етті. Мұның ерекшелігі, қазіргі заманғы желдеткіш қондырғысы орнатылған. Онда ылғал мен қалыпты температура автоматты түрде реттеледі.
«Көкөніс шаруашылығын өрге бастыру үшін теориялық және практикалық білім деңгейін көтеру керек. Біздің жағдайымызда велосипед ойлап табудың керегі жоқ. Тек Қазақстан мен шетелдегі білікті де табысты әріптестерімізден үйрене білген жөн. Менің ойымша, ең үлкен проблема — қарапайым жұмысшы мамандарының жетіспеуі. Үлкендерден бастап жастарымызға дейін ауыл шаруашылығына тарту керек. Тек оның қандай жолы бар, соны кеңінен ойластырсақ», дейді А.Кан.
Көкөніс өсірудің технологиясын сақтау маңызды
Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті ветеринария және агротехнология институты директорының оқу-әдістемелік жұмыстары жөніндегі орынбасары, агрономия бағыты бойынша рhd докторы Ерғали Аюповтың ойынша, көкөніс өсірудің технологиясын сақтау әр шаруашылықтың мүмкіндігіне байланысты.
«Облыс көлемінде өз қаржысы есебінен кәсіби агроном ұстап, жұмысын талапқа сай жүргізіп отырған ірі шаруашылықтар бар. Ал ұсақ шаруашылықтарда ондай мүмкіндік бола бермейді. Картоп болсын, басқа дақылдар болсын, оны өсіруде бүкіл ішкі-сыртқы факторлар ескерілуі керек. Мысалы, судың сапасын, тұщы не сәл ащылау екендігін анықтаса, артықтық етпейді. Сол секілді көкөністің өсіп-өнуі топырақтың жағдайына байланысты», дейді ол.
Ғалым-агроном көкөністен ойдағыдай өнім алу үшін минералды тыңайтқыштар енгізу қажет деп есептейді. Бұл өсімдікті нәрлендіретін тамақ іспеттес. Оның азот, фосфор, калий секілді макроэлементтері бар. Сонымен қатар күкірт, кальций, магний сияқты мезоэлементтерді аз көлемде енгізбесе, өсімдіктің жалпы өсіп, дамуына кері әсер етуі мүмкін. Одан бөлек микроэлементтер бар. Кейбір ауыр металдар да аз ғана мөлшерде қажет. Оның өзі тұздармен байланысты болады.
«Картоптан мол өнім алу үшін, мысалы, Нидерландта физикалық салмағына қарай 1 гектарға 2-2,5 тонна тыңайтқыш енгізеді. Бұл жерде экология да ескеріледі. Минералдық тыңайтқыштар топырақ құнарлылығын жоймас үшін қажет. Көңді де пайдалануға қарсы емеспін. Алайда пәлен жыл жатып, әбден шіріген көңді енгізуге болады. Ал 5-6 жыл жатқан көңді салғанда, одан түрлі бактериялар, арамшөп тұқымдары тарауы ықтимал. Жалпы, тыңайтқыштарды ғылыми бекітілген негізде қолданған жөн», дейді Е.Аюпов.
Ол зиянкестерге қарсы пестицидті де ғалымдардың нұсқауына сәйкес пайдалану жөнінде кеңес береді.
«Ылғал көп түскен жылдары топырақта бактериялар, зең аурулары көбейіп кеткен кезде пестицид қолданылады. Сол секілді адамдар қарбыздан неге уланады дегенге келсек, бау-бақша өсірушілер көкөністің тез пісуі әрі одан мол өнім алу үшін минералды тыңайтқышты көп салып жібереді. Соның салдарынан нитрат шектен тыс артып кетеді. Картопта кездесетін колорадо қоңызын жоюдың тап бір қиындығы жоқ. Ол үшін алдын ала улау керек. Қызанақ пен картопты екеуі бір тұқымдас болғандықтан бір жерге еге беруге болмайды. Бәрінің де технологиясын сақтау керек», дейді агроном-ғалым.
Саланың қиындықтары мен одан шығудың жолдары қандай?
«Орал ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС бөлім басшысы Ажар Шауленова Батыс Қазақстан облысында 2020-2023 жылдарға 4 мың гектарға картоп, 1 500 гектарға бақша, 3 500-3 800 гектарға көкөніс дақылдары егілсе, биыл одан аздау болғанын айтады.
2024 жылы 2 мың гектар алқапқа картоп, 630 гектарға бақша, 1 300 гектарға көкөніс отырғызылды. Бұл, сірә, көктемгі су тасқынына байланысты болса керек.
Маманның мәлімдеуінше, «ҚазАгроҚаржы», «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның субсидия, лизинг бағдарламалары отандық тауар өндірушілерді қолдауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ облыстық бюджет есебінен 20 көкөніс шаруашылығы үшін арнайы техника, тамшылатып суаруға арналған жабдықтар алынған. Тұқымға, техникаға, тыңайтқышқа, пестицидтерге, суға жеңілдік беріледі.
Қазақстанда көкөністің негізінен еліміздің оңтүстігінде — Түркістан, Алматы өңірі, Шымкент қаласы, Жамбыл облысында өсірілетіні мәлім.
Соңғы жылдары Қазақстанда өнеркәсіптік негіздегі жылыжай алаңдарының (1,5 мыңнан 1,2 мың гектарға дейін) қысқарғаны байқалады. Бұл өндірілетін өнімнің өзіндік құнының жоғары болуы, төмен рентабелділікке, жылыту маусымында көмір және өзге энергия көздерінің тапшылығы мен оның бағасының қымбаттығына байланысты.
Батыс Қазақстанда Бәйтерек ауданы Новенький ауылында 11-12 гектар, Орал қаласы Зачаган кентінге 6 гектардай жылыжай бар. Теректі ауданы Пойма ауылы маңында 2025 жылы 55 гектар жылыжай кешенін іске қосу жоспарланып отыр. Жылыжайлар нидерланд технологиясына негізделген.
Бұдан басқа облыста жалпы аумағы 70 мың шаршы метр 90-нан астам шағын жылыжайлар есепке алынған. Көкөніс өсіретін 110-дай ауыл шаруашылығы құрылымы жұмыс істейді.
«Көкөніс өсірудің қиындықтарына келсек, ең алдымен климатқа тоқталар едік, жыл сайынғы ауадағы және топырақтағы құрғақшылық, күннің ыстығы, жел, оған қоса отын мен электр қуатының қымбаттығы әсер етеді, коммуналдық төлемдер өсуде. Импорт сапалы, бірақ қымбат техника мен жабдықтарға тәуелділік, тыңайтқыш пен пестицид бағасының өсуіне қоса қалаға жақын жерлер әдетте құрылыс үшін беріледі», дейді А.Шауленова.
Мұндай қиындықтан шығудың жолы қандай? Көкөніс шаруашылығы топырақ өңдеуден бастап егу, күту, жинау, жиын-теріннен кейінгі жұмыс, өнімді өткізу, сақтауға дейінгі өнім өндірудің барлық кезеңі дұрыс ұйымдастырылуы керек. Бұл жерде негізгі өнім түрлерінің тез бұзылатынын да ескермесе болмайды.
Маманның пікірінше, ашық топырақта қазіргі заманғы суару, күту құралдары мен техникаларын пайдаланып, жергілікті климат ерекшеліктерін ескере отырып, өзіндік аймақтық технологияларды қолданған жөн. Оңтүстік өңірлердің технологияларын жергілікті жағдайға бейімдесе ғана пайдалануға болады.
Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты сұрыптар мен гибридтерге қатысты өз технологиясын ұсынады. Бірақ қазіргі кезде әсіресе, жылыжайларда шетелдік (бельгиялық, нидерландылық, германиялық) технологиялар сұранысқа ие.
Олар қымбат болғанымен, бүкіл қажетті құралдар кешені (технологияның өзінен бастап сұрыптар мен олардың тұқымдарына, техника, жабдықтар, тыңайтқыштар, қорғау және басқа құралдарға дейін) беріледі.
«Алынатын өнім көлемі сұрыптарға байланысты. Сұрыптар ыстық пен құрғақшылыққа, аурулар мен зиянкестерге төзімді, жергілікті жағдайға бейімделген болуы тиіс. Тұқымның сапасы да маңызды. Топырақ түрін ескере отырып, қазіргі заманғы техникаға басымдық беріледі. Әсіресе, өнім жинау кезінде. Бұл жерде де шетелдік фирмалардың техникасы өтімді. Көкөністің дұрыс өсуі үшін су көзі мен суару жүйесінің үнемді және технологияға негізделгені абзал. Құрамында макро-микроэлементтер бар минералдық, органикалық-минералдық кешенді тыңайтқыштардан өсімдік нәр алады. Аурулармен, зиянкестермен зақымдану және топырақтың ластану деңгейін төмендету үшін дақылдарды ауыстырып отыру қажет. Оған қоса, әсіресе, тез бұзылатын өнімдер кепілді түрде өткізіліп, бағасы тұрақты болса, сақтау кешендері мен өңдеу цехтары жүйелі жұмыс істесе, сала алға басады», деп түйіндеді ойын А.Шауленова.
Батыс Қазақстанда көкөніс пен бақша дақылдарын өсіру мен оны жинау, өткізу, сақтау мәселелері жөнінде мамандар осылай деді. Бұдан түйеріміз, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қандай ма болсын өнім түрлерімен облыс халқын толық қамту аса маңызды.
Осы бағытта аталмыш салада қолға алатын жоба-жоспарлар мен әлі де атқарылар жұмыстардың бар екендігі дау туғызбайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда астық өнімін молайту үшін не істеу керектігін жазған болатынбыз.