Батыс Қазақстанда мемлекеттік қызмет саласында 160-тан астам орын бос тұр
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында мемлекеттік қызметшілердің штаттық саны 3 447 болса, нақты саны — 3 284. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі БҚО бойынша департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Мұрат Байсаловтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, бос лауазымдар саны — 163.

Оның сөзіне қарағанда, 106 мемлекеттік қызметші ауысып кеткен.
«Жыл басынан бері жергілікті атқарушы органдармен 500 бос лауазымға орналасуға конкурстар өткізіліп, оларға 719 адам қатысып, соның 325-і жеңімпаз болып танылды. Іріктеудің жаңа жүйесі бойынша 130 бос лауазымға өткізілген конкурстарда 223 адам бақ сынап, соның 99-ы жеңімпаз атанды. Жергілікті атқарушы органдарда жоғары тұрған лауазымдарға 70 мемлекеттік қызметші тағайындалды, меритократия қағидаты 73,68 пайыз болды», — дейді М.Байсалов.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында мемлекеттік қызметке кіруде артық кедергілерді жою тәртібін жеңілдету бойынша қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілгені белгілі.
Осылайша, мемлекеттік грантпен оқу орындарын жоғары көрсеткішпен аяқтаған үздік түлектер аудан мен ауылдық жерлерде төменгі лауазымдарға конкурстық іріктеусіз, тікелей тағайындалуға мүмкіндіктері бар.
Бұл білікті жастарды мемлекеттік қызметке ынталандыруға, жас мамандардың аудан мен ауылдық аймақтарға оралуына, сонымен қатар өңірлердегі кадр тапшылығын азайтуға септігін тигізіп, мемлекеттік қызметке кіруді жеңілдетеді.
Норма енгізілгеннен бастап жоғары оқу орындарының 44 түлегі аудандық және ауылдық деңгейдегі мемлекеттік лауазымдарға орналасты (2023 жылы — 9, 2024 жылдың басынан бері — 35).
М.Байсаловтың мәлімдеуінше, әдеп жөніндегі кеңес отырыстарында 46 мәселе қаралса, соның 35-і немесе 76 пайызы заңбұзушылықтардың алдын алуға бағытталды.
Департамент қызметінің негізгі бағыттарының бірі — азаматтар мен мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау және оларды қалпына келтіру.
Бұл ретте жекелеген мемлекеттік органдарда жұмыс берушінің үстеме жұмысқа тарту туралы бұйрығы рәсімделмей, қызметшілердің жұмыс орнында отырғандары анықталды. Мониторинг нәтижесі бойынша 152 мемлекеттік қызметшінің құқықтары қалпына келтіріліп, оларға демалыс уақыты ұсынылды.
Сондай-ақ 13 мемлекеттік қызметшіге қатысты заңнама талаптары сақталмай қолданылған тәртіптік жазалардың күштері жойылды.
«Сонымен қатар, кейбір мемлекеттік органдармен заңнама талаптарын дұрыс қолданбау салдарынан мемлекеттік қызметшілерге төленуге тиісті бонустар төленбеген жағдайлар орын алған. Сөйтіп 25 мемлекеттік қызметшіге 6,7 млн теңге көлемінде негізсіз төленбеген бонустарды төлеу қамтамасыз етілді. Оған қоса жыл сайынғы еңбек демалысына ақы төлеу мерзімдері бұзылғаны үшін 106 мемлекеттік қызметшіге 188 мың теңге көлемінде өсімпұлдар төленді. Облыстағы жергілікті атқарушы органдарда іссапар шығындары уақытылы төленбеген 77 мемлекеттік қызметшіге тиісті 4,7 млн теңге көлемінде төлемдер жүргізілді», — дейді департамент басшысы.
Департамент мәліметтеріне қарағанда, өңірде бақылау шаралары нәтижесінде мемлекеттік қызмет туралы заңнаманың 4 мыңнан астам бұзушылық деректері анықталған. Мемлекеттік органдар көп жағдайда мемлекеттік қызметшілердің іссапарға бару, еңбек демалысына шығу және қызметтік тізімді толтыру тәртібін сақтамайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да балағат сөз айтқан ауыл әкімінің тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын жазған болатынбыз.