Батыс Қазақстанда Сарыайдын көлінде балық қырылып қалды

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданы Жаңақазан ауылдық округі Сарыайдын көлінде балықтың қырылып жатқаны жөнінде әлеуметтік желіде бейнежазба жарияланды.

Батыс Қазақстанда Сарыайдын көлінде балық қырылып қалды
Фото: Видеодан алынған кадр

Бейнежазбада айтылғанындай, оқиға 19 наурыз күні белгілі болды.
Балықтар қысқы кезеңде ауа жетпегендіктен қырылған.

Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясынан алынған мәліметке қарағанда, балық қырылу дерегі бойынша ақпарат 19 наурыз күні кеште түскен. Қазіргі таңда аталған жазба бойынша инспекция мамандары зерделеу жұмыстарын жүргізуде.
Жаңақала ауданы Жаңақазан ауылдық округінің әкімі Сәкен Ғұбашевтің нақтылауынша, қыста аяз қатты болды, 28 градусқа дейін барды.

Оның түсіндіруінше, айдыннан шамамен 1 шақырымдай шолақ өзеннен тұрба арқылы Сарыайдынға су ағады. Балықтар ағысқа қарсы жүзеді ғой. Сол таяз жерде қатты аяз салдарынан қатып қалған.

— Мұның себебі, мұз өте қалың болды, өзенде 70-80 сантиметрге дейін барды. Бетіне қар түсті. Сарыайдынның жағдайы мұз кеткен соң белгілі болады. Тұрғындар жаңадан мұз қатып жатқан мезгілде балық аулағысы келген. Алайда балық шаруашылығы инспекциясы инспекторлары оларға айыппұл салған соң бәрі тарап кетті. Балық аулаған кезде ойық ойылады. Балықтың жаппай қырылуына жол берілмес еді. Осындай да мәселе бар. Өткен жылы мұндай жағдай болған жоқ, — деді С.Ғұбашев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда су айдынында балықтың қырылып жатқаны рас па, соны жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар