Батыс Қазақстанда су басқан жерлерде ішек аурулары тіркелген жоқ
ОРАЛ. KAZINFORM - Батыс Қазақстан облысында жіті ішек инфекцияларымен сырқаттанушылық бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты.

БҚО санитарлық эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаевтың брифингте мәлім еткеніндей, 30 наурыздан бастап күні бүгінге дейін су тасқыны орын алған Қаратөбе, Сырым, Бөрлі, Теректі аудандарында ішек ауруларымен шағымданғандар тіркелген жоқ.
«Су басқан жерлерден эвакуацияланған халықты тамақтандыруға және қолайлы жағдай туғызуға ерекше көңіл бөлінуде. Уақытша орналастыру пункттерінде аумақтық басқармалар мамандарының тәулік бойы кезекшілігі ұйымдастырылған. Пункттерді тазалауды уақтылы жүргізу, дезинфекциялау және желдету бақылауда», - деді М. Арыспаев.
Сонымен қатар брифингте «Батыс су арнасы» ЖШС директоры Әнуар Аркенов соңғы күндері әлеуметтік желілерде салқын судың ластанғаны туралы таралған ақпаратты жоққа шығарды.
«Қазіргі уақытта су тазарту құрылғылары кешені қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр. Салқын су тарату желілеріне берілетін судың сапасы тұрақты бақылауда. Салқын суды тазалап, залалсыздандыруға қажетті химиялық заттардың үш айлық қоры бар», - деді Ә. Аркенов.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын су басқан аумақтарда жұқпалы ауру жұқтырмау үшін не істеу керек екендігін жазған болатынбыз.