Батыс Қазақстанда тасқын судан келер қауіп қандай

орал
Фото: БҚО ТЖ департаменті

ОРАЛ. KAZINFORM – Көктемгі су тасқыны кезеңі жақындаған сайын көпшіліктің алаңдайтыны белгілі. Биыл Батыс Қазақстан облысында тасқын судан келер қауіп қандай? Күрделі науқанға дайындық жұмыстары толық атқарылды ма? Осы орайда Kazinform тілшісі мамандарға жолығып, қазіргі жағдайды саралап көрді.

Бәрі ауа райына байланысты — маман 

БҚО ТЖ департаменті төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы Нұралы Мүсиевтің мәлімдеуінше, өңірде көктемгі су тасқынына қатысты жұмыстар қарқынды жүргізілуде.

Қазіргі таңда 2 млн теңгеге ғарыштық мониторинг және 80 млн теңгеге аэровизуалды зерттеу жүргізуге, 35 млн теңгеге мұз жару жұмыстарына келісімшарт жасақталды. 

тасқын
Фото: БҚО ТЖ департаменті

«Жалпы, тасқын суды қауіпсіз өткізуге бағытталған 144 км арық пен канал, 600-ге жуық құбыр тазаланып, 43 мың шаршы метр мұз кесілді. 25 мың шаршы метр қамыс шабылып, 4 мыңға жуық ойық бұрғыланды. Елді мекендерден қазіргі уақытта 499 мың текше метр (2023 жылғы 19 ақпан — 97 мың текше метр) қар шығарылды. 32 мыңнан астам құм салынған қап дайын тұр. Бұдан басқа әр апта сайын су тасқынына қарсы сенбіліктер өткізілуде. Сенбілік барысында арықтар мен құбырлар тазалануда, қауіп төнуі мүмкін елді мекендер мен саяжай алқаптарының тұрғындарына түбіршектер қол қойдыру арқылы таратылуда» дейді маман.

Қала және аудан әкімдіктерінің мәліметіне сәйкес су тасқынына бейім 147 елді мекенге 47 мың адамға арналған 219 уақытша орналастыру пункті, 317 эвакуациялық техника бекітіліп, үй жануарларын көшіруге 168 қауіпсіз жер белгіленді.

дайындық
Фото: БҚО ТЖ департаменті

Нұралы Қажымұқанұлының сөзіне қарағанда, өткен жылы облыста су тасқынына қарсы 141 іс-шара орындалды, республикалық бюджет есебінен Жайық өзенінің 3 км жағалауы (2,831 млрд теңге) нығайтылды, жергілікті қазына қаржысына (973 млн теңге) 41 км-ден астам қорғаныс бөгеті нығайтылып, 19 уақытша гидробекет, 21 км-ден астам арық жүйесі, облыстық автожолдарда 49 су өткізу құбыры мен 37 құрылыс орнатылды. 

Батыс Қазақстан облысының су тасқыны қаупі жоғары өңірлердің қатарына кіретіні белгілі.

Сондықтан қанша елді мекенге қауіп төнеді деп күн ілгері айту қиын. Дегенмен соның ішінде 147 елді мекен, автожолдарда 49 учаске ерекше бақылауға алынды.

тасқын
Фото: БҚО ТЖ департаменті

«Бәрі де ауа райына байланысты болмақ. Қар қандай қарқынмен ериді. Егер күндіз-түні ерісе, онда жағдай қиындайды. Ал күндіз еріп, түнде қатырып, осылай созылса, оның жақсы әсері болады. Ресейдегі әріптестермен әрдайым байланыстамыз. Олардың ақпаратына қарағанда, түскен қар мен күзгі ылғал нормадан жоғары. Нақты болжам наурыз айының басында белгілі болмақ. Орал қаласында 80-нен астам саяжай аумағы бар. Солардың ішінде ең қауіптісі — 1-саяжай және 2-саяжай қауымдастықтары және Шаған, Деркөл өзендері жайылмаларында орналасқан саяжайлар. Егер өзендер арнасынан шығып, жайылмаларды басатын болса, саяжайларға су кіретін болады. Мұның табиғи жағдай екендігін түсінген жөн. Саяжай тұрғындарын көшіру үшін арнайы қосындар әзірленді» деді Н.Мүсиев.

«Қазгидрометтің» болжамы қандай?

«Қазгидромет» РМК БҚО филиалының директоры Тілеген Шапановтың пайымдауынша, көктемгі су тасқынына күзгі топырақтың ылғалдылығы, тоң мен өзендердегі мұздың қалыңдығы, қардағы ылғал қоры және қар еру кезеңіндегі ауа райы әсер етеді. 

су
Фото: БҚО ТЖ департаменті

2023 жылдың күзгі айларында облыс аумағында жауын-шашын мөлшері нормамен салыстырғанда, 1,5-2 есеге жоғары болды. Мысалы, Тасқала ауданында 141 мм жауын-шашын түсті, бұл қалыптағыдан (83 мм) 71 пайызға көп. 

Сол секілді Оралда 121 мм жауын жауып, 33 пайызға (91 мм) артық болды. Ең көп жауын-шашын Жаңақала ауданында тіркелді (144 мм, 167 пайызға көп). 

Күзгі жауын мөлшерінің мол түсуі нәтижесінде топырақ ылғалдылығының көрсеткіштері облыстың барлық жазық аймақтары бойынша орташа көпжылдық мәннен жоғары. 

су
Фото: БҚО ТЖ департаменті

«Облыс бойынша орташа қар қалыңдығы — 12 см, бұл нормадан (18 см) 6 см төмен. Ең жоғарғы қар қалыңдығы Бәйтерек, Бөрлі, Шыңғырлау, Теректі, Қаратөбе аудандарында. Теректі, Шыңғырлау, Бөрлі, Қаратөбе аудандарында қардағы ылғал қоры нормадан жоғары. Ал қалған аудандар мен Орал қаласында норма шамасында және одан төмен. Өңірде қардағы орташа ылғал қоры норма (46 мм) шамасында болғанымен, өткен жылғыдан 2 есеге көп. Өзен бассейндерінде 60 мм-ге дейін қалыңдықта топырақтың бетінде мұз жамылғысы қалыптасқан, бұл көктемгі уақытта далалық аймақта еріген қар суларының өзен арнасына құйылу процесін тездетеді» дейді Т.Шапанов. 

Тоң қалыңдығы облыс бойынша 23-89 см аралығында. Орал қаласына қоса Бәйтерек, Теректі, Сырым, Шыңғырлау және Бөрлі ауданында тоң қалың.

Облыс бойынша орташа тоң қалыңдығы — 57 см. Соңғы 10 жылмен салыстырғанда, бұл көрсеткіш 10 см, ал 2023 жылғы мәліметтен 2 есе төмен. 

Филиал директоры келтірген алдын ала гидрологиялық болжамға сәйкес облыс өзендерінің алаптарында күзгі топырақтың ылғалдануы нормадан 69-133 пайызға артық.

Мысалы, Шыңғырлау, 2-Шежін, Деркөл, Шаған, Өлеңті, Шідерті өзендерінде көктемде күтілетін су көлемі нормадан артық болады деп болжануда.

тасқын
Фото: БҚО ТЖ департаменті

Шыңғырлау өзені бойынша ағын көлемі көктемде 132 млн текше метрге дейін (норма 96 млн текше метр) жетуі, ал Деркөлде бұл көрсеткіш (110 текше метр) нормадағыдан (61 млн текше метр) 2 есе артық болуы мүмкін. 

Осылайша, өткен жылғы ағын көлемімен салыстыра келе, Шыңғырлау, 2-Шежін, Деркөл, Өлеңті өзендерінде су деңгейі қауіпті шектен асып, сол маңдағы ауылды аумақтарды су басуы ықтимал. 

«Алдын ала болжам бойынша алдағы наурыз айында орташа температура норма шамасында -3,9 + 1,1°С болады деп күтілуде. Айдың алғашқы онкүндігінде түнде -8-13 градустан -3+2 градусқа дейін, күндіз температура тілі -4+1 градустан +1+6 градусқа дейін көтеріледі. Кейін түнде солтүстік аудандарда -12-17, оңтүстікте -2 градусқа дейін төмендейді. Үшінші онкүндікте ауа температурасы түнде +2+10 градусқа дейін, күндіз +7+17 градусқа дейін көтерілетін болады. Яғни күндізгі және түнгі ауа температуралары наурыз айының үшінші онкүндігінде 0 градустан жоғары болады. Тағы бір айта кететін жайт, наурыз айында жауын-шашын мөлшері нормадан (14-27 мм) артық болуы ықтимал. Қар, қар аралас жаңбыр жаууы мүмкін. Айдың соңына қарай жаңбыр жауады. Бұл — алдын ала болжамдар, әлі нақтыланады. Егер су тасқыны қаупі туындаған жағдайда „Қазгидромет“ РМК алдын ала 2-3 тәулік бұрын хабардар ететін болады» деді Т.Шапанов.

«Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалының бас инженер-гидротехнигі Шымболат Ермағамбетов биылғы 10 ақпандағы мәлімет бойынша Жайық өзенінің Орал қаласы тұсындағы деңгейі 145 см, яғни былтырғыдан (83 см) 62 см жоғары болғанын жеткізді.

су
Фото: БҚО ТЖ департаменті

Орал қаласы көктемгі су тасқынына дайын ба?

Орал қаласында тек саяжай аумақтары ғана емес, шаһардың құрамына кіретін кенттерге де қауіп төнуі ықтимал. Соның бірі — Зачаган кентінде өткен жылғы көктемде Мұрат Мөңкеұлы көшесі бойындағы көпқабаттың үйлердің жертөлелеріне ағын су кіріп кетіп, тұрғындар мен мекемелерді әбігерге салғаны бар.

Мұны кент әкімі Аққали Әубекеров Орал-Саратов трассасы бойындағы арықта кезінде үш құбырдың орнына екі құбырдың салынуымен және көпқабатты үйлердің жылу желілеріне гидроизоляция жасалмауымен түсіндіреді. 

«Соның салдарынан ағын су жылу желілері бойымен жертөлелерге кірген. Кейін үш құбыр түгелдей салынып, қалпына келтірілді. Сондай-ақ қызмет көрсетуші компаниялар, меншік иелері кооперативтерінің күшімен жылу желілеріне гидроизоляция жасалды. Биыл бұдан қауіп жоқ деп отырмыз» дейді кент әкімі. 

Қазіргі таңда Зачаган кенті аумағында мердігер мекеме — «Жайық таза қала» ЖШС-мен су басу қаупі бар жерлерден қар шығару, арық жүйесін тазалау, су өткізгіш тұрбалардың басын ашу, жер арығын кеңейту жұмыстары атқарылуда.

тасқын
Фото: БҚО ТЖ департаменті

Айталық, 80 мың текше метрден астам қар шығарылып, 25 мың метр арық жүйесі тазаланды. Кент аумағындағы су басу қаупі бар үйлерге 159 нұсқама таратылды. 

«Зачаган кенті әкімдігі теңгерімінде 4 дана мотосорғы бар, „Жайық таза қала“ ЖШС, „БатысСервисПлюс“ ЖШС-мен қосымша мотосорғы және мобильді бригада жалдауға келісімшарт жасалды. Құм толтырылған 1 мың дана қапшық дайындалуда. Су басу қаупі бар көшелерге ерекше назар аударудамыз» деді А.Әубекеров.

Орал қаласының басқа да кенттері мен шағынаудандарында осындай жұмыстар атқарылуда.

Қорыта айтқанда, облыс көлемінде көктемгі су тасқынына дайындық мәселесі күн тәртібінде тұр.

су
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Қауіптің қайдан дерің бар ма, сондықтан сан соғып, қапы қалмас үшін іс-шараларды ширата түсудің қажеттігі күмән туғызбайды. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО әкімінің биыл Жайық өзені қауіпті деңгейге көтерілуі мүмкін екенін айтқан еді. 

Соңғы жаңалықтар