Батыс Қазақстанда тұрғындар үшін газ бағасы арзандады
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында тұтынушылар үшін тауарлы газ бағасы бекітілді.
БҚО әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, қоғамдық маңызы бар нарықтарда баға белгілеу қағидаларын бекіту туралы ҚР Ұлттық экономика министрінің 2017 жылғы 1 ақпандағы № 36 бұйрығына сәйкес және ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті БҚО бойынша департаментінің биылғы 1 қазандағы хаты негізінде қосымша құн салығынсыз тауарлы газды босату бағалары 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді.
Бұл ретте газ тарату жүйелері арқылы тасымалдау тарифі ескерілді.
Атап айтқанда, босату бағалары былайша бекітілді:
1 мың текше метр тауарлы газ үшін тұрғындар — 20 128,66 теңге, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек немесе тұрғын үй көмегін алатындар — 15 905,36 теңге, басқа заңды тұлғалар — 29 731,67 теңге.
Қазақстанда мораторийдің енгізілуіне байланысты аталған бағалар 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін өзгеріссіз қалады.
— ҚР Премьер-министрінің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің тапсырмасына сәйкес 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап тұрғындар үшін газ бағасы қосымша құн салығынсыз 20 128,66 теңге болып бекітілді. Оған дейін 23 914,59 теңге болған еді, — деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда сұйытылған газ тапшылығы неліктен байқалып отырғанын жазған едік.