Батыс Қазақстанда «Жайлы мектеп» жобасы аясында 3 мектеп пайдалануға берілмек

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында жыл соңына дейін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында үш мектеп пайдалануға берілмек.

Батыс Қазақстанда «Жайлы мектеп» жобасы аясында 3 мектеп пайдалануға берілмек
Фото: Ғайсағали Сейтақ

БҚО құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, аталмыш жоба бойынша 2023-2025 жылдары жалпы 8 мыңнан астам оқушыларға арналған 9 мектеп құрылысы жоспарланған болатын. 

Оның сөзіне қарағанда, биылғы қараша айында Орал қаласында Деркөл кентінде 1 500 орындық, желтоқсанда «Балауса» шағынауданында 1 500 орындық, сондай-ақ Теректі ауданы Подстепный ауылында 1 200 орындық жаңа мектеп іске қосылмақ.

«Қалған алты жайлы мектептің құрылысы 2025 жылы аяқталатын болады. Атап айтқанда, Бөрлі ауданы Пугачев ауылында 300, Ақсай қаласында 900 және 300 орындық, Бәйтеректің Достығында 1 200, Байқонысында 600 орындық, Оралда Жәңгір хан көшесінде 600 орындық мектеп бой көтеруде», - деді Ә.Антазиев.

Басқарма басшысының айтуынша, бұдан бөлек білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаражаты есебінен Орал қаласында 400 орындық № 31 мектеп құрылысын алдағы желтоқсан айында бітіру көзделіп отыр. Сондай-ақ Орал қаласында № 8 мектеп салу жоспарда. Оған қаражат бөлу мәселесі қарастырылып жатыр. 

Басқарма мәліметі бойынша өңірде биыл әлеуметтік сала нысандарының құрылысына республикалық және жергілікті бюджеттен 30,7 млрд теңге бөлінген. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда «Жайлы мектеп» жобасы қалай жүзеге асырылып жатқанын жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар