Батыс Қазақстанда жылыту маусымы қазан айының алғашқы жартысында басталады

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында жылыту маусымына дайындықты 15 қазанға дейін толық аяқтау көзделіп отыр. 

Батыс Қазақстанда жылыту маусымы қазан айының алғашқы жартысында басталады
Фото: freepik

БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бейімбет Мусиннің Kazinform тілшісіне мәлім еткеніндей, өңірде жылыту маусымы ауа райына байланысты қазан айының алғашқы жартысында басталуы қажет. 

Бейімбет Мәлікұлының сөзіне қарағанда, үш тәулік бойы орташа температура +8 °C және одан төмен болса, жылу қосылады.

— Алдымен мектеп, аурухана сияқты әлеуметтік нысандарға жылу беріледі. Одан кейін көпқабатты тұрғын үйлер және өндірістік мекемелерге кезек келеді, — дейді Бейімбет Мусин.

Оның айтуынша, қазіргі таңда әлеуметтік мекемелер жылыту маусымына түгелдей дайын. 

Көпқабатты тұрғын үйлерге келсек, жыл сайын жатақханалардың жағдайы алаңдаушылық туғызады. Орал қаласында осындай 5 жатақхана бар.

— Мұның себебі, жатақхана тұрғындарының белсенділігі төмен, басқару формасы жоқ. Мұны тұрғындар өз қолына алғысы келмейді. Негізгі проблемасы да осы. Күні бүгін жертөледегі құбырларын «Жайықжылуқуат» АҚ мамандары қарап, ауыстырыңдар деп жатыр. Соған байланысты тұрғындар өз қаражатын жинастырып, құбырларды ауыстыру жұмысымен айналысуда, — деп қосты Бейімбет Мусин.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстан облысы жылыту маусымына қаншалықты дайын екендігін жазған болатынбыз

Соңғы жаңалықтар