Батыс Қазақстанда жол құрылысы неге кешеуілдеп отыр
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында жол құрылысы не себепті кешеуілдейді? Мерзімінде жұмысын атқармаған мердігерлерге қатысты қандай шара қолданылмақ ? Осы бағытта Kazinform тілшісі мәселені зерделеп көрген еді.

Қособа жолы неге бітпей отыр?
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО бойынша департаменті превенция басқармасының басшысы Біржан Хайруллиннің мәлім еткеніндей, Сырым ауданында автожолды жөндеу кезінде 513 млн теңге бюджет қаражатын негізсіз аудару дерегі анықталды.
Оның сөзіне қарағанда, Қособа ауылының кіреберіс жолы бойынша жөндеу жұмыстары жасалмаса да, аудан әкімдігі аталған қаржыны аударып жіберген.
Әкімдік мердігердің жұмысты орындау актілерін тексермеген, сондай-ақ осы жолдың сапалы жөнделгенін дәлелдейтін құжаттарды сұрамаған.
Соның салдарынан өткен жылы аяқталуы тиіс жол құрылысы әлі мәресіне жетпеген.

БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Марат Қуаншалиевтің нақтылауынша, ұзындығы 26 шақырым Жымпиты-Қособа жолын салуға барлығы 1 млрд 945,3 млн теңге қарастырылған. Мердігерлері – «Тоби» және «Ануш Құрылыс» ЖШС.
- Аталмыш жол құрылысын мердігерлер биыл бітіреді. 17 млн теңгенің жұмысы қалды. 90 метр тұрбаның үсті жасалып, пайда болған ақаулар жойылады, - деді М.Қуаншалиев.
Сырым аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінен алынған мәліметке қарағанда, Қособа ауылына 0-14 шақырым кіреберіс жолды орташа жөндеу жұмыстарын мердігер «Тоби» ЖШС атқарды. Жоба құны – 1 млрд 035 млн 522,2 мың теңге. Жолға асфальт төсеу жұмыстары толығымен аяқталған. Бірақ жолдың екі жерінен тығыздығы, сонымен қатар кейбір тұстарында майысу ақаулары анықталған. Сол жұмыстарды қалпына келтіру бойынша 1 млн 700 мың теңге игерілетін болады. Жол құрылысы алдағы мамыр айында толықтай бітпекші.
Сол секілді Қособа ауылына 14-29 шақырым кіреберіс жолды орташа жөндеу жұмыстарының мердігері – «Ануш Құрылыс» ЖШС. Бұл жоба құны – 1 млрд 147,205,6 мың теңге.

Биыл осы жол құрылысына мемлекеттік ішкі аудит тексеру жұмыстарын жүргізді.
Бөлім мамандарының айтуынша, аталған мердігер жолға салынатын тұрбаларды тасымалдап, орнатты. Алайда өткен жылы желтоқсан айында қалдық сома 14 млн 523,096 мың теңге игерілмей, 2025 жылға сырылған. Себебі 90 метр қатты жамылғылы асфальт салынбады және жолдың қалыңдығы 9 жерден өтпей отыр. Қазіргі таңда аталған кемшіліктерді жою жұмыстары жүргізілуде. Мамыр айында мұны да толығымен бітіру көзделуде.
- Сонымен қатар мердігерді жосықсыз деп тану үшін БҚО экономикалық сотына өткен жылдың 9 желтоқсанында талап арыз жолданды. Күні бүгін сот процесі жүргізілуде, - делінген аталған бөлім ұсынған ақпаратта.
Техникалық қадағалау да маңызды
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО бойынша департаменті превенция басқармасының басшысы Біржан Хайруллин жол құрылысы саласында келеңсіздікке соқтыратын тағы бір деректің ұшығын ұстатты. Атап айтқанда, Бөрлі аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі авторлық және техникалық қадағалаушылардың келісімін алмай, орындалған жұмыс актісін қабылдап, 132 млн теңгені аударған.
- Болашақта жұмыстарды қабылдап алу актісімен бірге фото және бейнежазбаға түсіріп алса, бұл тапсырыс берушінің де, мердігердің де жауапкершілігін күшейтер еді. Сонымен қатар талдау жол мәселесі бойынша облыста қолжетімді бірыңғай ақпарат жоқ екендігін көрсетті. Яғни мемлекеттік қадағалаушы және бақылаушы органдар, қоғамдық бақылауды жүзеге асыратын адамдар және кез келген азамат үшін қажетті мәліметтер жинақталатын портал ұйымдастыру сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмаудың бір жолы десек, артық айтқандық емес. Порталға автомобиль жолдарының паспорты, құрылыс және жөндеу жұмыстары нысандары туралы да толық ақпарат салуға болар еді. Осыған орай облыстық әкімдік базасында жолдар бойынша ақпараттық портал құруды ұсындық, - дейді департаменттің басқарма басшысы.
Ол сондай-ақ техникалық қадағалауды сапалы жүргізудің маңыздылығына назар аударды.
Талдау кезінде мердігерлердің бір мезгілде облыстың әр ауданында орналасқан көптеген нысандарда техникалық қадағалау жүргізетіні анықталды. Мысалы, бір жауапкершілігі шектеулі серіктестік өңірдегі 13 жол құрылысы бойынша техникалық қадағалау жүргізуі қажет. «KOMPRA» ақпараттық жүйесіндегі ақпарат бойынша серіктестікте бар болғаны 5 адам жұмыс істейді. Ал құрылыс нысандары Ақжайық, Жаңақала, Жәнібек, Сырым және Теректі аудандарында орналасқан. Бұлардың арақашықтығы 100-ден 500 шақырымға дейін жетеді.
- Міне, осының бәрін олар қалай қамтып үлгереді. Мұндай жағдайда техникалық қадағалаудың сапасына қатысты орынды сауал туындайды. Егер техникалық қадағалау дұрыс жүргізілмесе, онда салынған, жөнделген жолдан қандай сапа күтуге болады, - дейді Б.Хайруллин.
Өңірде жол сапасын «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК БҚО филиалы бақылайтыны белгілі.
Филиал директоры Рафис Зинетов берген ақпаратқа қарағанда, биылғы бірінші тоқсанда Батыс Қазақстан облысында жүзеге асырылып жатқан нысандар бойынша жұмыс пен материал сапасын анықтау мақсатында мамандар 60 рет жолға шыққан.
Соның нәтижесінде жол-құрылыс материалдарынан алынған 96 сынаманың 27-сі нормативтік құжаттар талаптарына сай келмеген. Оған қоса 17 ақаулық анықталса, соның 12-сі әлі жойылмаған, орындалу үстінде.

Жол құрылысы неліктен қымбаттайды ?
Б.Хайруллиннің сөзінше, қазіргі таңда облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасымен құны 94,6 млрд теңге болатын 13 жоба жүзеге асырылуда.
Тағы бір мәселе, тапсырыс беруші мемлекеттік органның жол құрылысын уақытында бақыламауы, мердігердің жұмысты мерзімінде аяқтамауы жобаның қымбаттауына алып келеді. Мысалы, 2022 жылы мәресіне жетуі тиіс Бөрлі-Ақсай-Жымпиты (68-139 км) жолының құрылысы қазіргі кезде бастапқы құнынан 11 млрд теңгеге қымбаттап кеткен. Яғни 17,7 млрд теңгеден 28,7 млрд теңгеге жеткен.
- Мердігер тарапынан жөндеудің сылбыр жүріп жатқаны, құрылыс-монтаж жұмыстарының кестесі сақталмай, едәуір кешіккені облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы назарынан тыс қалды. Мердігерге қатысты ешқандай шара қолданылмай, солардың ұсынысымен жол жөндеу жұмыстары жылдан-жылға ұзартылып отырды. Қорыта айтқанда, шарттарды келесі жылға ұзарту тәжірибесін тоқтатып, мерзімінде аяқтамаған мердігерлерді жосықсыз деп тану, оларды мұндай жұмыстарды жасаудан шеттету қажет, - деді Б.Хайруллин.
БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы М.Қуаншалиевтің түсіндіруінше, Бөрлі-Ақсай-Жымпиты автожолын қайта жаңғырту жобасы әлі біткен жоқ.
Сырым ауданының орталығы Жымпиты мен Ақсай қаласын (Бөрлі ауданы орталығы) жалғастыратын жолдағы жөнделетін учаскенің ұзындығы – 71 км. Мердігер «Юнисерв» ЖШС болса, техникалық қадағалауды «АДС Сапа» ЖШС жүргізеді.
Жоба құны – 27 млрд 787,319 млн теңге. Соның ішінде 2021 жылы 734 млн теңге игеріліп, 1 шақырымға асфальт төселген. 2022 жылы жөндеу жұмыстарын жалғастыруға бөлінген 2,3 млрд теңгенің 1 млрд 113,9 млн теңгесі жұмсалып, 9,5 шақырымға асфальтбетон жабыны жасалған. 2023 жылы 342,7 млн теңгеге жолдың негізін орнату жұмыстары атқарылды.
- 2023 жылы жол-құрылыс материалдары бағасының күрт өсуіне және оны одан әрі іске асырудың орынсыз болуына байланысты жоба сметалық құнын түзетуге жіберілді. 2024 жылы 3 млрд 587,381 млн теңге қарастырылып, оған 10 км жолды жөндеу, сондай-ақ темірбетонды су өткізу құбырларын орнату және Шідерті өзені арқылы көпір салу жұмыстарын жүргізу жоспарланған еді. Жыл қорытындысы бойынша 13,9 км жолға асфальтбетон жабынын салу аяқталды. Қазіргі кезде асфальт төсемінің ұзындығы – 24,4 км. 2025 жылға республикалық бюджеттен 7,9 млрд теңге бөліп, 20 км жолды жөндеу көзделуде, - дейді басқарма басшысы.
Сырым ауданы Аралтөбе ауылдық округінің әкімі Әділхан Мұхитов Бөрлі-Ақсай-Жымпиты автожолының ұзаққа созылуы жергілікті тұрғындарды алаңдатып отырғанын айтты.

- Аталған жол бізді аудан орталығы Жымпиты ауылымен және Ақсай қаласымен жалғастырады. Жымпитыдан Аралтөбеге қарай 20 шақырымға асфальт төселді. Оған да үш-төрт жылдың жүзі болды. Аралтөбеге 7-8 шақырымдай қалды. Сонымен қатар Ақсай қаласы бағытында Тасқұдық ауылымен екі арада 45 шақырым грейдер жол бар. Әсіресе, көктемгі және күзгі лайсаң уақытта қатынау қиын. Биыл біте ме деп үміттенеміз, - деді Ә.Мұхитов.
Міне, жол құрылысы саласындағы бірқатар өзекті мәселені ортаға салдық. Егер жол уақытында салынбаса, бұл тапсырыс берушілер үшін де, мердігерлер үшін де тиімсіз. Сонымен қатар дұрыс жолдың жоқтығы тұрғындардың наразылығын да туындатады. Тиісті мекемелер осының бәрін ескеріп, қорытынды шығаруы қажет.
Облыс орталығы – Орал қаласы бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 690,3 км болса, соның ішінде 439,6 шақырымы немесе 63,7 пайызы – жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Сонымен қатар 250,7 км (36,3 пайыз) топырақ жабынды жолдар бар.
Қала әкімдігінің мәліметі бойынша 2023 жылы 68,9 км, өткен жылы 56,1 шақырым болатын 41 көше жолы жөнделді.

Өткен жылы басталып, ауыспалы кезеңмен биыл жалғасатын жобаларды алсақ, соның төртеуі – шағынаудандардың ішкі орам жолдары, алтауы – орташа жөндеу, жетеуі – күрделі жөндеу және реконструкция. 2025-2026 жылдарға жалпы ұзындығы 73,08 шақырым болатын 47 жоба дайын. Қажетті қаражат – 10,1 млрд теңге.
Қала әкімдігінің баспасөз қызметі облыс орталығы бойынша жосықсыз мердігер жоқтығын, сессияларда қаралып, қаржы бөлінген көшелерде жөндеу жүргізілетінін жеткізді.
Оралдың өзінде жолдардың 40 пайызға жуығы талапқа сай келмейді.
- Жолдың сапасына баса көңіл бөлуді мақсат етіп отырмыз. Өйткені жол жөндеу қалтаға соғады. 500 млн теңгеге жөнделген жолды екі жылдан кейін 300 млн-ға қайта жасайтын болсақ, ол бюджет үшін тиімсіз. Сондықтан көбінесе жолдың шұңқыр, ойықтарын жөндеп, қалпына келтіріп, оны екі-үш жыл ұстап тұруға болады. Екіншіден, Конькин көшесінде көліктердің салмағын автоматты түрде анықтайтын жабдық орнатылды. Салмағы асып кетсе, айыппұл төлейтін болады. Бұл да жолды күтіп ұстауға әсер етеді, - деді Орал қаласының әкімі Мұрат Байменов.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда жолдар қалай салынып жатқанын жазған болатынбыз.
Батыс Қазақстанда жол салуда қандай бағыттарға басымдық берілетіні жазылды.
Батыс Қазақстанда ауыл маңындағы көпірді су шайып кетті.
Оралда былтыр жөнделген жолдың опырылып қалуына байланысты әкімдік жауап берді.
БҚО-да автожол саласында 271 млн теңге негізсіз жұмсалған.