Батыс Қазақстанда ЖРВИ жұқтырғандар саны 87 мыңнан асты

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында өткен жылғы 1 қазаннан бері 87 103 адам жедел респираторлық вирустық инфекциямен (ЖРВИ) есепке алынды.

Батыс Қазақстанда ЖРВИ-ге шалдыққандар саны 86 мыңнан асты
Фото: Kazinform

БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз маманы Кенжегүл Мұхитованың мәлім еткеніндей, соның 64 040-ы – 14 жасқа дейінгі балалар. 960-ы 1 жасқа толмаса, 173 жүкті әйел де ЖРВИ-мен сырқаттанған. 

Оның сөзіне қарағанда, осы кезеңде тұмаумен 206 адамның ауырғаны тіркелсе, соның ішінде 204-інен А типінің H3N2 вирусы (гонконг тұмауы), екеуінен H1N1 түрі (шошқа тұмауы) анықталған. Аурушаңдылық алдыңғы эпидемиологиялық маусыммен салыстырғанда, 2,6 есеге өсіп отыр. Бұлардың да көпшілігі, яғни 146-сы – 14 жасқа дейінгі балалар. Сондай-ақ 17 жүкті әйел есепке іліккен. 

Маманның айтуынша, тұмауға қарсы вакцинация әрбір адам үшін, әсіресе, балалар мен жүкті әйелдер үшін маңызды. Оған қоса жеке гигиенаны сақтаған абзал, яғни қолды жиі жуып, қолды бетке тигізбеу, жөтелгенде немесе түшкіргенде, ауызды сүлгімен жабу керек. 

- Қоғамдық орындарда бетперде тағу вирустың таралуын азайтуға жәрдемдеседі. Иммунитетті күшейту үшін дәрумендерге бай тамақ ішу қажет. ЖРВИ немесе тұмау белгілері пайда болса, дәрігерге қаралып, ешқайда шықпаған дұрыс. Үй ішін желдетіп, тазалық сақтаған жөн. Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тұрғындарды сақ болуға, балалар мен жүкті әйелдерді қорғауға шақырады. Алдын алу шараларын орындау арқылы вирустың таралуын төмендетуге болады, - деді К.Мұхитова. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстан облысында шошқа тұмауы да тіркелгенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар