Батыс Қазақстанда 434 баладан коронавирус табылды

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 434 баладан коронавирус табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, күні бүгін соның 364-і жазылып шықты.

Сондай-ақ биыл білім беру мекемелерінің 208 қызметкері вирус жұқтырса, соның 155-і емделіп шықты.

Осы кезге дейін облыста барлығы 15048 адам ауырса, соның 12241-і жазылды. 240 адам көз жұмды.

Өткен тәулікте 96 адамның сырқаттанғаны белгілі болды. Алдыңғы аптамен салыстырғанда, жұқтыру деңгейі 6 пайызға өсіп отыр.

Жыл басынан бері 5827 адам тіркелсе, соның 3567-сі немесе 61,2 пайызы Орал қаласының үлесіне тиеді. Сондай-ақ Бәйтерек ауданында 685 (11,7 пайыз), Бөрліде 568 (9,7 пайыз) адам ауру жұқтырған.

Қазіргі таңда 8 инфекциялық стационарда 363 адам, соның ішінде 17 адам жансақтау бөлімінде жатыр.

«Облыста коронавирусқа қарсы вакцина салу жұмыстары жалғасуда. Күні бүгінге дейін түскен партиядан (5250 доза – бірінші, 4250 доза – екінші компонент) 5174 адам вакцинаның бірінші компонентімен егіліп үлгерсе, соның 1092-сі – ұстаздар, 244-і – құқық қорғау органдарының өкілдері. Сондай-ақ 1025 адам екінші компонентін алды», деп хабарлады БҚО денсаулық сақтау басқармасы.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда карантин шаралары күшейтілгенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар