16:05, 11 Наурыз 2013 | GMT +5
Батыс Қазақстанда әкелі-балалы екі бірдей адамды өлтірген күдікті ұсталды
ОРАЛ. 11 наурыз. ҚазАқпарат - 10 наурыз күні Зеленов ауданы Жаңатаң ауылында 1937 жылғы зейнеткер мен оның 44 жасар ұлының өлі денелері табылды.

БҚО ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, мүрделер Орал қаласының сот-медициналық сараптамасына жіберілген. Қылмысты кинолог-маман, полиция старшинасы Асқар Жұмабеков пен полиция қызметкерлері «Рэкс» есімді қызметтік иттің көмегімен ашты. Иісшіл ит оқиға орнынан сол ауылдың 54 жасар тұрғынының үйіне алып барған. Сол жерден аталған азаматтың қылмысқа қатыстылығын дәлелдейтін заттай айғақтар табылды.
Күдікті мас күйінде жанжалдың салдарынан екі бірдей адамды пышақтап өлтіргендігін мойындады.
Қазіргі кезде тергеу амалдары жалғасуда.