Батыс Қазақстанда әкімдер есеп беруде (фото)
Ақжайық ауданының әкімі Нариман Төреғалиев есептік кездесулерін кеше Алғабас, Бударин ауылдарынан бастады.
Жиындарда аталып өтілгеніндей, ауданда кәсіпкерлік кеңінен қанат жайып келеді. Бұған мемлекет тарапынан елеулі қолдау көрсетілуде. Мәселен, өткен жылы өз кәсібін дамытамын деушілерге 382,5 млн. теңге несие берілді, бұл 2013 жылмен салыстырғанда, 2,3 есеге артық. Бұл ауданда 500-ге жуық жаңа жұмыс орнын ашуға септігін тигізді.
«Жұмыспен қамту жол картасы - 2020» бағдарламасымен 2014 жылы ауданда 57 азамат 133 млн. теңге несиеге қол жеткізсе, «Тегісжол» шаруа қожалығының иесі, кездесу болатын күні наубайханасын Алғабас ауылында салтанатпен ашқан Салауат Танабаев - солардың бірі. 3 млн. теңгеге өз жинағынан үстеп, Ресейден жабдықтар алдырып, бұрынғы дүкен ғимаратын жөндеп, міне, өндіріс ошағына айналдырып отыр. Наубайхана ауылға нағыз қажеттің бірі еді. Алдағы кезде азық-түлік дүкенін ашуды жоспарлаған, дала төсінде жылқы да, қой да өсіріп, қазақтың ақбас сиырын асылдандыруға ден қойған С.Танабаевты Алғабасқа әкелген жоралы жаңалығымен құттықтаған аудан басшысы оған естелік сыйлық тапсырып, еңбегіне еселі жетістік тіледі.
Алғабастағы және Будариндегі жылдың басты жиынында экраннан есепті кезеңдегі сан-салалы іс нақпа-нақ баяндалған соң тұрғындар алдында Н.Төреғалиев тегеурінді уақыттан қалмаудың жай-жапсарын басым қаузады. Мүмкіндігі бола тұра, жетекке ілеспей отырған, нартәуекелден үркетіндер әлі күнге аз емес. Аудандағы тұрақты жұмыстағы, кәсіпкерліктегі 30-дан астам мүгедек тұрғынға олар неге көзді ашып қарамайды? Үйден аттап шыққан жанға үлгі дегенің жамырап тұр. Тек былтыр ғана қыр шамшырақтары ірі қараның 643 аналығын, асыл тұқымды 282 аталығын, 1454 қой, 81 көшім жылқысын сатып алды. Мұның бәрі белгіленгеннен біраз артық. Шаруа қожалықтары алға ұмтылыстары үшін 252,2 млн. теңге жәрдемқаржыға қол жеткізді, бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда, 20 пайыздан артық. Соның бәрі соңғы екі-үш жылдан бері түлік санын дәйектеп, есеп-қисапқа, ветеринарлық талапқа мұқияттылықтың арқасында жүзеге асуда. Немесе, мысалы, былтыр ғана басталған «Құлан» бағдарламасы бойынша 6 шаруа қожалығы 80,5 млн., «Алтын асық» бойынша 3 шаруа қожалығы 4,6 млн. теңге несие алды.
Алғабастың өзінде малды асылдандыру мақсатында айталық, 2012 жылы 3, 2013 жылы 13, ал былтыр жоспарлы 10 орнына 27 бас бұқа алынған. Шаруалар аталған жылдары тиісінше, 6 млн., сосын 18 млн. және 29 млн. теңге жәрдемқаражат алған. Орал-Атырау күрежолының бойындағы Будариннен де бұл жөнінде қарымды қадам табылады. Осындағы «Атамұра» шаруа қожалығы 270 гектарға судан шөбін өсірумен де танылуда. Шаруа қожалықтарының 16-сы 43 ірі қара аталығын, 4-еуі 72 қошқар, біреуі 5 айғыр, ал «Аманер» шаруа қожалығы Ресейден 190 бас сиыр, «Жанболат» шаруа қожалығы 79 бас байтал сатып алып, тұқымдық-селекциялық түрлендіруді мығым жүргізуде. «Агробизнес - 2020» бағдарламасының «Сыбағасы» бойынша 1 шаруа қожалығы 17,0 млн. теңге несие алып, 93 бас ірі қара малының аналығын иеленді. Сондай-ақ 2014 жылы шаруа қожалықтары, тұрғындар лизингке және өздерінің қаражаттарына 5 «МТЗ-82» тракторын, 5 шөпшалғысын, 3 шөптайлағыш алды.
Өкінішке қарай, біраз жерде мына заманға жараспайтын жайбасарлық бар, өздеріндегі жұмысшы санын дәл көрсетпей жүрген шаруашылықтар аз емес. Соншама алқапты, жүздеген малды тек бір-екі адам игереді дегенге кім сенеді? Бұл, түптен келгенде, адамға еңбекақысын төлеу, жинақтаушы зейнетақы қорына аударым жасау секілді мәселеге көзжұма қарап, заңды белден басу деген сөз ғой. Жер қатынастары жөнінде де ұзақ «ұйқыдан» оянатын уақыт жетті. 78 шаруашылықтың мақсатты түрде пайдаланбаған 63,6 мың гектары мемлекет меншігіне алынды, соның ішінде сотпен 19,8 мың гектары қайтарылды.
Есепті кездесулерге Алғабаста облыстық мәслихат депутаты Қатауолла Ашығалиев, Бударинде аудандық мәслихат депутаты Біржан Кухаев қатысып, сөз сөйледі.
Өңірде есептік жиындар одан әрі жалғасуда.