Батыс Қазақстанда ауылға су кіріп, 44 адам эвакуацияланды

None
Фото: Мирас Айболатов
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданы Ақбұлақ ауылына тасқын су кіріп, 44 адам эвакуацияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО ТЖ департаментінің бастығы Ернұр Өтегеновтің брифингте мәлім еткеніндей, оқиға аудан орталығы Ақсай қаласынан 25-30 шақырым қашықтықта орналасқан Ақбұлақ ауылында болды.

Дамбаны бұзып өткен тасқын су ауылдың екі көшесіне, алдын ала мәлімет бойынша оншақты үйге кірді. Оқиға орнынан 44 адам көшіріліп, олардың дені Ақсай қаласы мен аталмыш ауылдағы туысқандарына орналастырылды.

Департамент бастығының сөзіне қарағанда, осындай оқиға Қаратөбе ауданы Қоржын ауылында болды. Қазіргі кезде су қоршауында тұрған бұл ауылмен қатынас үзілген. Дегенмен бүгін ұшып шыққан тікұшақ Қоржынға да қонып, көмекке мұқтаж адамдарға жәрдем берілді.

Сол секілді Сырым ауданында Өлеңті өзені көтеріліп, Жымпиты ауылында екі үйге су кіріп, одан 6 адам шығарылды.

«Облыста Орал қаласына қоса сегіз ауданда қауіп бұлты сейіле қойған жоқ. Төтенше жағдайлар министрінің өкіміне сәйкес Атырау және Маңғыстау облыстарынан 101 адам 29 техникамен көмекке келмекші. Бұл қосымша күш қауіпті аумақтарға бөлінетін болады», деді Е.Өтегенов.

Брифингте облыс әкімінің орынбасары Ержан Балтаев жергілікті атқарушы органның резервінен 1,8 млрд, сондай-ақ төтенше жағдайлардың алдын алу, зардаптарын жою үшін 490 млн теңге қаражат бөлінгенін жеткізді.

«Егер жағдай күрделенсе, Казталов, Қаратөбе, Тасқала сияқты аудандарда да табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялануы мүмкін», деді Е.Балтаев.

Бөрлі ауданы әкімдігі аудан бойынша барлығы 23 үйге су кіргенін хабарлады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстан облысындағы Бөрлі ауданында төтенше жағдай жарияланғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Орал қаласында төтенше жағдай жарияланды.

БҚО-ның тағы бір ауданында төтенше жағдай жарияланды.


Соңғы жаңалықтар