Батыс Қазақстанда «Бекіре-2013» жедел алдын алу шарасы барысында 38 заңсыз балық аулау фактісі анықталды

БҚО ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен хабарлағанындай, бір факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Атап айтқанда, 20 сәуір күні рейдтік шаралар барысында Индер-Барбастау жолы бойында, Теректі ауданы «Ақжайық» шипажайы тұсында тоқтатылған Ақжайық ауданы Тайпақ ауылында тұратын 1971 жылғы С. деген азамат айдап келе жатқан «ГАЗель» автокөлігінен 4108 келі қара балық шықты. Оның ешқандай құжаты жоқ болып шықты. Осы факті бойынша ҚР ҚК 183-бабы 1-бөлімі және 287-бабы 3-бөліміне сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Сондай-ақ 38 заңсыз балық аулау фактісі бойынша 40 адам ұсталып, 19 әкімшілік хаттама толтырылды. 108129 теңге айыппұл салынып оның 30 мыңға жуық теңгесі өндірілді. Сотқа 21 материал жіберіліп, олар бойынша 69240 теңге айыппұл салынды, 17 материал қаралу үстінде.
Шара барысында 31 ау, жүзу құралы тәркіленді. Сонымен қатар 27 иесіз аудың көзі жойылды.