Батыс Қазақстанда соңғы аптада коронавирус жұқтырғандар саны 10 пайызға азайды

БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, 30 шілде - 5 тамыз аралығында 1060 адам коронавирус жұқтырса, соңғы аптада 953 науқас тіркелді.
Тамыз айында облыста барлығы 1669 адамнан вирус табылды.
Нұрлыбек Ермекұлының айтуынша, ауырғандардың 36 пайызы (599) Орал қаласында, 17 пайызы (286) Бөрлі, 15 пайызы (260) Бәйтерек, 5 пайызы (91) Теректі, 4,7 пайызы (80) Казталов, 4 пайызы (68) Тасқала, 4 пайызы (68) Ақжайық ауданында тіркелген.
Сырқаттанғандардың 205-і - 14 жасқа дейінгілер, 63-і - 15-17, 108-і - 18-25, 421-і - 26-40, 504-і - 41-60, 368-і - 60-тан асқандар.
«Вирус жұқтырғандардың 45 пайызы (770) - жұмыс істейтіндер, 26 пайызы (431) - жұмыссыздар, 22 пайызы (360) – зейнеткерлер», деді Н.Мұстаев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 180 мыңға жуық адамның коронавирусқа қарсы вакцина салдырғанын жазған болатынбыз.