Батыс Қазақстанда соңғы аптада коронавирус жұқтыру деңгейі 20,5 пайызға өсті

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында соңғы аптада коронавирус жұқтыру деңгейі 20,5 пайызға өсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлім еткендей, алдыңғы аптада облыста 519 адам тіркелсе, 26 наурыз – 1 сәуір аралығында 653-ке жетті.

Соңғы тәулікте коронавирус жұқтырғандар саны (104) жүзден асып кетті.

Нұрлыбек Ермекұлының айтуынша, 1 наурыздан бері 2242 адам тіркелді. Соның 1002-сінен (44,6 пайызы) ЖРВИ белгілері бойынша тексерілгенде анықталса, 732-сі (32,6 пайызы) бұрын ауырғандармен қарым-қатынаста болған.

399-ы (17,7 пайызы) профилактикалық мақсатта қаралғанда, 109-ы (4,8 пайызы) стационарға жатқызар алдында сынама алынғанда, вирус жұқтырғаны белгілі болды.

Сондай-ақ осы кезеңде КВИ жұқтырғандармен байланыста болған 4396 адам медициналық бақылауға алынды.

Ауырғандардың 787-сі (35,1 пайызы) – жұмыс жасайтындар, 600-і (26,7 пайызы) – зейнеткерлер, 453-і (20,2 пайызы) – жұмыссыздар, 162-сі (7,2 пайызы) – оқушылар, 66-сы (2,9 пайызы) – медицина қызметкерлері, 68-і (3 пайызы) – мұғалімдер.

«Облыста оқу жылы басталғаннан бері барлығы 636 оқушыдан коронавирус анықталды. Соның ішінде үшінші тоқсанда 11 қаңтардан бері 421 оқушының (243-і дәстүрлі форматта, 178-і қашықтан білім алады) ауырғаны белгілі болды. Қала мен аудандардың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерлерінің қаулысымен екі мектепте 4 сынып, төрт балабақшада 4 топ, 1 ЖОО-да екі, 1 орта арнаулы білім беретін мекемеде бір топ карантинге жабылды», деді Н.Мұстаев.

Наурыз айының басынан бері мониторингтік топтар 642 рейд жүргізіп, 5976 нысанды қамтыды. Төрт нысанда карантин талабын бұзушылық анықталды. 26 хаттама толтырылып, 1,7 млн астам теңге көлемінде айыппұл салынды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да соңғы төрт күнде 364 адамның коронавирус жұқтырғанын, 3 мыңнан астам медқызметкер коронавирусқа қарсы екпе салдырғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар