Батыс Қазақстанда тағы бір орман өрті тіркелді

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, 17 тамыз күні сағат 13.52-де Оралға қарасты Меловые горки кенті аумағында 10 гектар жердің құрғақ шөбі мен 10 гектар орман отқа оранды.
Табиғи өрт салдарынан аумағы 20 шаршы метр саяжай үйін жалын шарпыды.
«Тілсіз жау» 18 тамыз күні жергілікті сағат 21.26-да ТЖ департаменті (51 қызметкер, 8 техника), орман шаруашылығы мекемесі (15 адам, 2 техника) және «Жайық таза қала» ЖШС (2 адам, 2 техника) күшімен ауыздықталды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда орман өрті кезінде он адам құтқарылғанын жазған болатынбыз.
Бәйтерек ауданы Трекин мен Володар ауылдары арасында 16 тамыз күні сағат 12.55-те басталған өрт кейін Теректі ауданы Ақсуат ауылына ауысты. Барлығы 131,1 гектар жер өртенсе, соның 119,7 гектары – орман. Бұл өрт 17 тамыз күні сағат 06.20-да оқшауланып, 18 тамызда сағат 17.29-да толықтай сөндірілді. Бұған ТЖ департаменті (74 адам, 12 техника), орман шаруашылығы мекемесі (24 адам, 2 техника), ерікті өрт сөндіру құрылымдары (14 адам, 3 техника) жұмылдырылды.
Батыс Қазақстанда күннің ыстығы әлі қайтпай тұр.
Қазгидромет алдағы 3 күнде Қазақстаннның батысында күн 41 градусқа дейін ыситынын хабарлады.