Батысқазақстандық бапкер шәкірттерін олимп шыңынан көргісі келеді

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Өткен жылы Бразилияның Кашиас-ду-Сул қаласында өткен ХХІV жазғы сурдлимпиадалық ойындарда батысқазақстандық спортшы Дина Ержанова сурдодзюдодан қола жүлдегер атанған еді.
None

Батыс Қазақстан облысы тарихында мұндай әлемдік деңгейдегі жарысқа тұңғыш рет қатысқанына қарамастан, Динаның жүлдегерлер қатарынан көрінуіне оның жаттықтырушысы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Теміржан Хасанғалиев өз еңбегін сіңірді. Бапкердің олимп шыңынан көріне алатындай басқа да шәкірттері бар ма, өмірлік ой-арманы, мақсаты қандай? Міне, осы төңіректе ҚазАқпарат тілшісі Теміржан Сұлтанұлымен әңгімелескен еді.

Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Теміржан Хасанғалиев 1969 жылы 25 қаңтарда қазіргі Теректі ауданы Сарыөмір ауылында дүниеге келген.

Өзінің айтуынша, 5-сыныптан бастап Орал қаласындағы қазіргі дарынды балаларға арналған мамандандырылған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ мектеп-интернат кешенінде білім алған.


«Алтыншы сыныптан-ақ белгілі бапкер, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, марқұм Батыр Қуанышевтің қол астында самбо күресімен жаттыға бастадым. Жасөспірім кезімде 35, кейін 48-52 кг салмақта күресіп, Қазақстан құрамасына алындым. Одақтық деңгейдегі жарыстарда бақ сынап, жүлдегерлер қатарынан көрініп жүрдім. Атақты балуан, самбодан 1989 жылғы әлем чемпионы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, марқұм Асқар Шайхиевпен бірге жаттықтым. Мен жастар арасында күрескенде, алты жас үлкендігі бар Асқар ересектер сапында бақ сынап жүрді», - дейді Т.Хасанғалиев.


Теміржан да талай жарыста топ жарар ма еді, егер көлденең жағдай келіп килікпегенде. 1987 жылы әскер қатарына алынған ол Алматы қаласында азаматтық борышын өтеді. Міне, сонда қызмет бабында оң көзінен жарақат алып, зағип болып қалды. Бірақ көзім көрмейді деп орта жолда қалып қойған жоқ. Әскери борышын өтегеннен кейін 1989-1993 жылдары А.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтында білім алып, дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болып шықты.

Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Күрестегі нәтижелері де елеусіз қалмады. 1991 жылы КСРО Дене шынықтыру және спорт бойынша мемлекеттік комитетінің шешімімен оған «Самбо күресінен КСРО спорт шебері» атағы берілді.

Қазақ күресінен де спорт шебері атанған Теміржан енді ұстаздық етіп, шәкірт тәрбиелеуге ден қойды. Алдымен 1995-1997 жылдары туған жері – Сарыөмір ауылындағы Хамза Есенжанов атындағы мектепте дене тәрбиесінен дәріс беріп, балаларды самбо күресіне баулыды. Кейін осы қызметін Орал қаласындағы С.Сейфуллин атындағы №11 мектепте жалғастырды. Тәжірибесі толысқаннан кейін 2003-2017 жылдары М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде еңбек етті. Ал 2017 жылдан бері БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының мүмкіндіктері шектеулі адамдарға арналған спорт клубында дзюдодан жаттықтырушы-оқытушы қызметін атқарып келеді.

Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

«Менің мұнда ауысуымның себебі – кейінгі жылдары Қазақстанда парадзюдо және сурдодзюдо қолға алына бастады. Осы спорт түрлерінен жарыстарға қатысатын балуандар іздестірілген кезде өзім де парадзюдодан әлем чемпионаты мен кубогінде бақ сынап көрдім. Бірде қола жүлде алсам, тағы бірде үшінші орын бәсекеде ұтылып қалдым. Оның үстіне жасым 48-ге келгеннен кейін 18-20 жастағы балуандармен күресу оңайға түспеді. Сондықтан біржола шәкірт тәрбиелеуге көшейін деп шештім», - дейді бапкер.

Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Парадзюдо бойынша көзі нашар көретіндер татамиге шықса, сурдодзюдодан есту қабілеті кем спортшылар бақ сынайды. Олимпиадалық ойындар өтетін жылдары іле-шала паралимпиада өтетіні белгілі. Ал бір жылдан кейін сурдлимпиадаға кезек келеді, яғни келесі ойындар 2025 жылы Жапонияда ұйымдастырылмақ. Бұл екі спорт түрі де әлем елдерінде әлдеқашан дамыған. Қазақстанда сурдодзюдо Оралмен қатар Тараз, Алматы, Семей қалаларында жақсы жолға қойылған деп айтуға болады.

Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

«Елімізде сурдодзюдо кенжелеу дамығандықтан, шәкіртім Дина Ержановаға 16 жасынан-ақ ересектер арасында сынға түсуге тура келді. Ол Қазақстан чемпионаты мен ел кубогінде үздік шыққаннан кейін 2021 жылы Францияның Версаль қаласында өткен әлем біріншілігіне қатысып, тәжірибе жинақтады. Ал өткен жылы Бразилияда өткен жазғы сурдлимпиада ойындарында 52 кг салмақта 18 жасында қола жүлдеге қол созды. Бразилия еліндегі дүниежүзілік дода барлық талапқа сай, тамаша ұйымдастырылды. Міне, сондай әлемдік жарыста Динаның жүлде алуы бәрімізді қуантты», -дейді Теміржан Сұлтанғалиев.

Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Қазіргі кезде Орал қаласындағы жоғары гуманитарлық-экономикалық колледжінің 2-курсында оқитын Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Дина Ержанова әлі жас, жуырда ғана 19-ға толды. Ендеше, әлі талай жүлдеден үмітті деуге болады.

Өткен жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған Теміржан Сұлтанұлы басқа да шәкірттерінің топ жарғанын қалайды. Қазірдің өзінде 60 кг салмақта күресетін Мүсілім Сұлтанғалиев спорт шебері, Қазақстан біріншілігі мен спартакиадасының чемпионы атанып үлгерді. Спорт шеберлігіне үміткерлер Азамат Сайфеден (81 кг) мен Елжан Талғатов (60 кг) спартакиада мен чемпионатта жүлдегерлер қатарынан көрінді. Ал Анастасия Тимошенкова (63 кг) жақында Қырғызстанда өткен Азия – Тынық мұхит біріншілігінен қола жүлдегер атанып келді. Қай-қайсысының да Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсетіп, халықаралық жарыстарда олжа салатындай мүмкіндіктері жетеді.


«Бұлардан басқа да шәкірттерім бар. Облыстық есту қабілеті бұзылған балаларға арналған арнаулы мектеп-интернатынан жеті баланы таңдап алып, жұмыс істеп жатырмын. Оларды жаттықтырудың өз ерекшеліктері бар. Өзіңіз де көріп тұрсыз, естімегеннен кейін әдістерді жасап көрсетуге тура келеді. Қарым-қатынас шынайы, өтірік айта алмайсың. Сосын шыңдау үшін дені сау балалармен күрестіремін. Яғни М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде және Оқушылар сарайында жаттығып жатқан қатарластарына алып барамын. Егер оларды жеңсеңдер, сурдодзюдодағы қарсыластарыңды ұтасыңдар деп айтамын», - дейді тәжірибелі жаттықтырушы.


Теміржан Хасанғалиев – зайыбы Айгүлмен екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған өнегелі отбасы. Сал дертіне ұшыраған тұңғышы Дәулет анасының табандылығы арқасында қазір өзі жүріп-тұрады, каратэмен шұғылданады. Одан кейінгі ұлы Ислам Алматы қаласындағы Қазақ-британ техникалық университетінде, қызы Айсұлу мектепте 5-сыныпта оқиды.

Жұмыстастарының айтуынша, Т.Хасанғалиев – өз ісінің маманы, адал жүріп, адал тұрады. Еңбек тәртібін ешқашан бұзған емес, қызметкерлермен оңай тіл табысады, қиын жағдайда кім-кімге де қолұшын беруге дайын. Шәкірттерін үйретумен бірге өзі де жаттығудан қол үзген емес.


«Теміржан Сұлтанұлы – өте қарапайым, еңбекқор әріптес. Әрқашан кісіге болсын деп тұратын ақкөңіл жігіт. Жалпы, өмір оны көп сынады, соған төзе білді және қазір бейнеттің зейнетін көре бастады десек, артық айтқандық болмас. Оралдың пединститутының дене шынықтыру факультетін бітіріп, ұстаздық жолда қызмет етумен бірге бапкерлікті қоса алып жүрді. Пәтерден пәтер жалдап жүрсе де, еш мойымай, күнделікті дене жаттығулардың арқасында, жұбайы Айгүл екеуі сал баласын аяққа тұрғызды. Орал қаласында ең алғаш ашылған мүгедектер спорт клубына дзюдодан бапкер болып орналасып, Дина Ержанованың бойындағы талантын байқап, еңбектене білді. Соның нәтижесінде шәкірті 2022 жылы Бразилияның Кашиас-ду-Сул қаласында өткен жазғы XXIV сурдлимпиадалық ойындардың дзюдодан қола жүлдегері деген атаққа қол жеткізді. Болашақта да бапкердің талай белесті бағындырарына сенімім мол. Осындай жаттықтырушымен қызметтес болғаныма өзімді бақытты санаймын», - деді ҚазАқпарат тілшісіне мүмкіндіктері шектеулі адамдарға арналған спорт клубының директоры Әскербек Нұрмұханов.

Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Еске сала кетейік, қазақстандық спортшының Бразилиядағы сурдлимпиадалық ойындарда қола жүлдегер атанғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ ҚазАқпарат «Республика қаһармандары» жобасы аясында бейбіт заманның батырлары кімдер екендігін жазды.

Паралимпиада жүлдегері спортта мүмкіндік шектелмейтінін айтады.


Соңғы жаңалықтар