Батысқазақстандық өнер шеберлері Ақтөбе қаласында гастрольдеп жүр

Бұған дейін Батыс Қазақстан облыстық филармониясының шағын ұжымы Астана және Қарағанды қалаларында болып, өнер көрсеткен болатын.
Кеше күміс көмей әнші, танымал айтыс ақыны, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қатимолла Бердіғалиев Ақтөбе тұрғындары алдында бір жарым сағат бойы «Айман-Шолпан» эпостық дастанын жырлады.
«Ақтөбе тұрғындары «Айман-Шолпан» жырын үлкен қошеметпен қабыл алды. Біздің мақсатымыз - халықтың көңілінен шығу»,- деді бүгін телефон арқылы хабарласқан Қатимолла Бердіғалиев.
Бүгін кешке оралдықтар көрші облыстың көрермендеріне «Шырқал ән, күмбірле күй» атты өнер кешін сыйлайды. Концерттік бағдарлама бойынша Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншілері мен күйшілері кезек-кезек сахнаға шығып, батыс өңірінің мақамымен ән шырқайды.
Белгілі домбырашы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Ермек Қазиев көрермен назарына Құрманғазы, Сейтек, Дина және басқа да күйшілердің таңдаулы туындыларын ұсынбақшы.