Батысқазақстандықтар Елбасының Атом жобасын қолдап отыр

Жиынды «БҚО Семей ядролық полигоны мүгедектер қоғамының» төрағасы Мағжан Бисенғалиев ашты.
Әлем халқы ядролық қарудан орны толмас зор шығынға ұшырағаны белгілі. Алғашқы ядролық сынақ 1945 жылы 16 шілде күні әлемде тұңғыш рет АҚШ-тың шөл даласында сыналды. Ол қару Жапонияның Хиросима мен Нагасаки қаласына тасталды. Міне, сөйтіп, әлемге төнген қауіпті сезінген Кеңес Одағы да атом бомбасын жасауға мәжбүр болды. Кеңес Одағы халқының саны аз болғандықтан, ядролық сынақ полигонын құру үшін Қазақ елін таңдады. Семей, Павлодар, Қарағанды облыстарының 18500 шаршы шақырым аумағы сынақ полигонына айналды. Бұл жерде 1949 жылы 29 тамызда алғашқы атом бомбасы, 1953 жылы алғашқы термоядролық заряд, 1955 жылы сутек бомбасы сынақтан өтті. 1949-1963 жылға дейінгі ядролық сынақтың зардабын 100 мыңдаған адам тартты. Семейде 456 ядролық сынақ жасалды.
«Нарын» қозғалысы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Кәкен Көбейсіновтің айтуынша, 1991 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Семей полигонын жапты. Аталмыш зұлматтан БҚО да шет қалған жоқ. 1951 жылы көлемі мен сынақ техникасы жөнінен ешбір елде жоқ Капустин Яр полигоны құрылды. Облыс аумағында 40 шақты ядролық сынақ болды. Соның зардабын тартқан 40 мыңдай жазықсыз жандарға 2005 жылдан бастап әлеуметтік көмек берілуде. Өңірде екі көзі, екі аяғы, екі қолы жоқ сәбилер дүниеге келді. Капустин Яр полигоны әлі жабылған жоқ. Жақында мемлекеттік комиссия облысқа келіп бар жағдаймен танысып кетті. Ендігі үміт Елбасында.
Капустин Яр полигонында әуеде 11 ядролық сынақ, 24 мың зымыран жарылып, 177 әскери техника сынақтан өтті. РСД-10 типті 619 зымыран жер бетінде жойылған. Нәтижесінде 30 мың тонна улы заттар 680 шақырым аумаққа тарады. Дөңгелек үстелге қатысушылар 2012 жылы Астана қаласында өткен халықаралық конференцияда Елбасы Н.Назарбаевтың халықаралық Атом жобасын іске қосу туралы бастамасын қолдап, ядролық қаруды жою, атомды бейбіт өмірде ғана пайдалану туралы ойларын айтты. Батыс Қазақстан облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Жамал Ихсанова дөңгелек үстелге қатысушы үкіметтік емес ұйым өкілдеріне аталмыш жобаға атсалысуларын сұрады. Жиналғандар өткен тарихымыздың ақтаңдақ тұстарын еске алып, болашақ ұрпақтың саулығы үшін қуаты жөнінен әлемдегі төртінші ракеталық-ядролық арсеналдан бас тартқан Елбасының ұстап отырған саясатын қолдайтындықтарын жеткізді.