Баянауыл ормандарында емін-еркін жайылып жүрген бұландар бейнетаспаға түсті

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Бұлан — Қазақстандағы бұғылар тұқымдасына жататын ең ірі сүтқоректі, тұяқты жануар. Қазіргі уақытта Баянауыл ұлттық паркінің аумағында 90-ға жуық бұлан бар деп есептеледі.

Баянауыл ормандарында емін-еркін жайылып жүрген бұландар бейнетаспаға түсті
Фото: Видеодан алынған скрин

Баянауыл ұлттық паркінің аумағында соңғы жылдары бұландар көбейе бастаған. Таулар арасындағы орман-тоғайларды бұландар қысы-жазы мекен етеді. Тұяқты жануарлар аумақта 1985 жылдан бері жиі байқалып отыр. Бұл жануардың бір ерекшелігі, ағзасында жылқы секілді өт болмайды. Ащылауыт, қамысты, қоғалы жерлерге жайылғанды, теректің қабығымен, таудағы аршамен қоректенгенді ұнатады. Баянауылдың Күркелі, Жаяу Мұса, Қаражар ауылдары маңындағы биік тауларда, Жалаңтөс асуы мен Мырзашоқыда, Қоңыр әулие үңгірі маңында жиі ұшырасады.

— Аталған жабайы жануардың шоқтығының биіктігі 2 метрге жетеді, салмағы 600 кг-дай. Түсі қыста қара қоңыр, жазда қоңырқай, басы, аяғы ақшылдау келеді. Алдыңғы аяқтарындағы тұяқтары өткір, бұл қорғану кезінде қару ретінде қолдануға мүмкіндік береді. Мұндай тұяқ көкжал қасқырдың басын жарып жіберуге немесе ішін тіліп жіберуге жеткілікті. Аталығының үлкенінде шеңбер тәрізді мүйіздері болады. Мүйіздерінің көлемі 180 см-ге дейін өсіп, салмағы 20-30 кг-ға дейін жетеді. Күзде мүйіздері түсіп, ал сәуір-мамыр айларында қайтадан жаңа мүйіздер өсіп шығады. Аналықтарында мүйіз болмайды, — деп хабарлады ұлттық парктен.

Павлодар облысында бұлан Баянауылмен қоса, Ертіс орманы резерватында кездеседі. Оларды атуға тыйым салынған.

Баянауыл ормандарында бұландар бұған дейін де көзге түскенін жазғанбыз. 

Соңғы жаңалықтар