Баянауылдағы «Майкөбе» кенішіне техникалық жол салу ұсынылды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Баянауылдағы «Майкөбе» кеніші биыл 500 мың тоннаға жуық көмір жөнелтеді. Келер жылы бұл көлем екі есеге дейін артады деген жоспар бар.

кеніш, кен орны, көмір кеніші
Фото: Валерий Бугаев

Кеніш 1987 жылдан бері жұмыс істеп тұр. Көмір қоры шамамен 1,2 млрд тонна. Соңғы жылдары мұндағы көмірге сұраныс жоғары. Осыдан төрт жыл бұрын сыртқа небәрі 270 мың тонна жіберілсе, биылғы жыл басынан 465 мың тонна көмір сатылған. Табиғи отынның 30 пайызы халықтың коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктеріне бағытталып отыр.

«Майкөбен-Вест» ЖШС басшысы Нұрлан Ахметбаевтың сөзінше, кеніш жылына 4 млн тонна көмір беруге қабілетті. Ал келесі жылы экспорт есебінен көмір өндірісін екі есеге арттыруды жоспарлап отыр.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов «Майкөбен-Вест» компаниясының басшылығына келер жылы жүк көліктері үшін техникалық жол салуды тапсырды.

— Біз жыл сайын облыс аудандарының ауылдық жолдарын жөндейміз, бұрын-соңды асфальт-бетонды төсем мүлдем болмаған жерлерге жолдар салудамыз. Бұл маңызды жобалар және бұған бюджеттен миллиардтаған қаражат бөлінеді. Олар біздің ауылдарымыздың болашағы үшін, оның тұрғындары үшін қажет. Өкінішке қарай, мұндай жолдардың біраз бөлігі ауыр жүк көліктерімен бұзылып жатыр. Сондықтан, ауданда бұған жол бермеу үшін кәсіпорынның қажеттіліктері үшін қосымша жол салу қажет, — деді облыс әкімі.

Бұған дейін Павлодар облысындағы көмір бағасы өткен жылдың деңгейінде сақталып тұрғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар