Баянауылдағы музейге Таисия Сәтбаева ұстаған жәдігер тапсырылды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Академик Қ.И.Сәтбаевтың Баянауыл мемориалдық музейіне Қаныш Имантайұлының жұбайы Таися Сәтбаеваның жұмыста қолданған микроскобы тапсырылды.

Құнды жәдігерді Мейіз Сәтбаеваның перзенті, геолог ғалым Александр Третьяков сыйға тартқан.
Қазіргі уақытты академик Қ.И.Сәтбаевтің Баянауыл мемориалдық музейінің қорында барлығы 3749, оның ішінде негізгі қорда 2087 жәдігер бар. Жәдігерлердің көбі кітаптар мен картиналар.

- Музейіміз мемориалдық яғни, жеке тұлғаның атында болғандықтан, ғалымның қолы тиген, өзі ұстаған заттарының бұл күнде келуі өте аз. Соған қарамастан музей ұжымы ғұламаның туыстары мен көзін көрген адамдарға хабарласып, үнемі тың деректер мен жәдігерлерді іздеп тауып, музейге әкеліп жатыр. Жуықта музейіміздің басшысы Қайыргелді Абылғазин Астана қаласына барған сапарында Қаныш Имантайұлының жұбайы Таися Сәтбаеваның жұмыста қолданған микроскобын алып келді. Аталған құнды жәдігерді Мейіз Сәтбаеваның перзенті, геолог ғалым Александр Третьяков сыйға тартыпты, - дейді музейдің қор сақтаушы маманы Сансызбай Сапағарғалиев.
Микроскоп 1961 жылы жасалған, Т.Сәтбаева оны өз жұмысында, геологиялық зерттеулер жүргізген кезде қолданған екен. Кейін қызы, геология - минерология ғылымдарының докторы, ғалым Мейіз Қанышқызы қолданыпты. Жәдігер музейдегі экспозициялық залға орналастырылды.
Еске сала кетейік, академик Қаныш Сәтбаевтің Баянауылдағы мемориалдық музейінде тау тұлғаның ер-тоқымы сақталып тұр.
Былтыр Павлодарда Қаныш Сәтбаев пен Кемел Ақышевтің бірге түскен фотосуреттері табылды.
Сондай-ақ қазақ даласынан кен іздеген Қаныш Сәтбаевқа аңшылар қалай көмектескені туралы жазған едік.