Баянауылға ерекше мәртебе қашан беріледі – Үкімет басшысының жауабы
АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-Министр Олжас Бектенов Мәжіліс депутаттарының Баянауылға бірегей тарихи, ғылыми және туристік әлеуеті бар аумақ ретінде ерекше мәртебе беруге қатысты сауалына жауап берді.

Үкімет басшысының атап өтуінше, қазіргі уақытта қолданыстағы заңнамада «ғылымды қажетсінетін аумақ» түсінігі мен анықтамасы қарастырылмаған. Қазақстанда ғылымды қажетсінетін аумақтар құрумен байланысты мәселелерді шешу мақсатында Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылымды қажетсінетін аумақтар мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңы жобасына бастамашылық жасаған.
- Заң жобасы «ғылымды қажетсінетін аумақ» түсінігін енгізуді, оның ішінде жергілікті атқарушы органдардың ғылымды қажетсінетін аумақтарды дамытудың кешенді жоспарын әзірлеуін, келісуін және бекітуін, сонымен қатар өкілетті органға елді мекенге ғылымды қажетсінетін аумақ мәртебесін беруді ұсынуын, Жоғары ғылыми-техникалық комиссияда аталған ғылымды қажетсінетін аумақ үшін басым ғылыми бағыттарды айқындауын көздейді. Үкіметтің заң жобасына қорытындысы Мәжіліске енгізілді. Жоғарыда айтылғанды ескере отырып, Баянауыл аудан орталығына ғылымды қажетсінетін аумақ мәртебесін беру мәселесі тиісті заң жобасы қабылданғаннан кейін ғана қарсастыру мүмкін болады деп есептеймін, - деді Премьер-Министр.
Айта кетейік, Баянауылға бірегей тарихи, ғылыми және туристік әлеуеті бар аумақ ретінде ерекше мәртебе беру керек. Бұл туралы Премьер-Министрге сауал жолдаған Мәжіліс депутаты Николай Арсютин айтты.