Байқоңырда құрылысы аяқсыз қалған 5 тұрғын үйдің мердігері ауысты

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Байқоңыр қаласында құрылысы межелі мерзімде бітпеген тұрғын үйлерде жұмыс қайтадан жанданды. Бұл туралы Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

тұрғын үй құрылысы
Фото: Қармақшы ауданының әкімдігі

Жұлдызды қалашықта 50 пәтерлі 5 баспана салынып жатыр. Жалпы құны 3,7 млрд теңге болатын жоба бойынша 2021-2023 жылдар аралығында 2,8 млрд теңге қаржы игерілген.

– Құрылыс белгіленген мерзімде аяқталмағандықтан мердігер мекемелермен арадағы келісімшарт сот тәртібімен бұзылды. Мердігерлер сот шешімімен аванстық төлемдерді мемлекет бюджетіне қайтарды. Осыған байланысты 2025 жылы жоба қайтадан қаралып, сметалық құжаттамаға түзету енгізілді. Соған сәйкес құрылыстың жалпы құны өзгерді. Тұрғын үйлер құрылысын аяқтау мақсатында мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, нәтижесінде «Аман құрылыс» ЖШС мердігер болды. Компаниямен келісімшарт жасалды. Биыл бөлінген қаражат есебінен алғашқы аванстық төлем беріліп, жұмыс қайтадан басталды, - делінген хабарламада. 

Құрылыс жаңа мердігердің жобасына сәйкес жалғасып жатыр, ол аяқталған соң пәтерлер ел азаматтарына кезектілікпен тапсырылмақ. 

Айта кетейік, тұрғын үй мәселесін шешу үшін Қазақстан қаражаты есебінен Байқоңыр қаласының 7 А шағын ауданында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 50 пәтерлі 5 көпқабатты үй салынып жатыр.

Соңғы жаңалықтар