«Бәйтерек» холдингінің өкілдері Qarmet-ті жаңғырту жобаларымен танысты
ТЕМІРТАУ. KAZINFORM — Жұмыс сапары аясында «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі АҚ-ның және оның еншілес ұйымдарының өкілдері Теміртауда орналасқан Qarmet металлургиялық комбинатына барды. Бұл сапар кәсіпорынның ағымдағы өндірістік үдерістерімен жан-жақты танысуға, сондай-ақ ел экономикасы үшін стратегиялық маңызы бар металлургиялық активтердің бірін жаңғырту бағытында жүзеге асырылып жатқан ауқымды инвестициялық жобаларды зерделеуге арналды.
Келген қонақтарға комбинаттың негізгі өндірістік алаңдары көрсетілді. Аталған нысандар үздіксіз технологиялық тізбектің жұмысын қамтамасыз етіп, металлургиялық өндірістің өзегін құрайды. Делегация газ тарату торабының, № 2 оттегі өндіру цехының және № 3 домна пешінің қызметімен танысты. Бұл нысандар кәсіпорын инфрақұрылымының маңызды буындары ретінде технологиялық үдерістердің тұрақтылығын қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады.
Сапар барысында кәсіпорынның энергетикалық және өндірістік әлеуетін жаңғырту мәселелеріне айрықша мән берілді. 2025 жылы Qarmet өндірісті газдандырудың алғашқы кезеңін сәтті аяқтап, домна және прокат өндірістерін табиғи газға көшірді. Биыл бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, табиғи газды өзге де өндірістік алаңдарға кезең-кезеңімен енгізу жүргізіліп жатыр. Мамандардың бағалауынша, бұл шаралар технологиялық үдерістердің тұрақтылығын арттырып қана қоймай, энергия тиімділігін едәуір жақсартып, өндірістің экологиялық жүктемесін төмендетуге мүмкіндік береді.
Өндірістік нысандарды аралау барысында холдинг өкілдеріне технологиялық желілердің қазіргі жағдайы мен кәсіпорынды одан әрі дамытуға бағытталған жоспарлар кеңінен таныстырылды. Qarmet басшылығы өндірістік тұрақтылықты нығайтуға, заманауи технологияларды енгізуге және өндірістік қуатты кезең-кезеңімен арттыруға бағытталған жүйелі жаңғырту тәсілдерін ұсынды.
Сапардың маңызды бөлігі комбинат аумағында жүзеге асырылып жатқан ірі инвестициялық жобаларға арналды. Холдинг өкілдері жаңа сорттапрокат кешенінің, № 8–9 кокстық батареялардың құрылыс алаңдарын, сондай-ақ ыстық мырыштау және алюминийлеу цехын аралап көрді. Бұл жобалар кәсіпорынның ұзақ мерзімді дамуы үшін стратегиялық мәнге ие болып, оның ішкі және сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.
Сапар барысында аталған жобалардың іске асу кезеңдері, технологиялық ерекшеліктері және өндірістік тиімділікке ықпалы туралы жан-жақты ақпарат берілді. Жаңа өндірістік қуаттарды іске қосу өнім түрлерін кеңейтуге, дайын өнім сапасын арттыруға және отандық металлургия саласының жалпы әлеуетін күшейтуге жол ашады.
«Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі ел экономикасын дамытуда маңызды рөл атқарып, отандық кәсіпорындарға қолдау көрсетіп, ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асуына ықпал етіп келеді. Мұндай жүйелі қызмет өндірісті жаңғыртуға, заманауи басқару тәсілдері мен технологияларды енгізуге, сондай-ақ бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастырып, өнеркәсіптік секторға инвестиция тартуға серпін береді.
Жұмыс сапары Qarmet дамуының негізгі бағыттарын көзбен көруге және компанияның инвестициялық жобаларын іске асыру аясындағы өзара ынтымақтастықтың болашақ әлеуетін кеңінен талқылауға мүмкіндік берді.