Бекболат Молдабеков: «Робот сот орындаушысы» азаматтардың 2,2 млрд теңгесін үнемдеуге көмектесті
АСТАНА. KAZINFORM — Өткен жылдың тамыз айынан бастап елімізде «Цифрлық сот орындаушысы» жобасы іске қосылды. Аталған жүйе атқарушылық іс жүргізуді адам қатысуынсыз автоматты түрде бастайды және жүргізіп жатыр. Бұл туралы ҚР Әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында айтты.
Вице-министрдің айтуынша, жоба нәтижесінде адам факторын болдырмау, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту және борышты өндіру процесін айтарлықтай жеделдету мүмкін болды.
— Жобаның халық үшін негізгі әлеуметтік әсерлерінің бірі — қаржылық жүктемені азайту. Бұрын жеке сот орындаушыларын тартқан жағдайда борышкер қарыз сомасының 25 пайызына дейін комиссия ретінде төлейтін. Енді автоматтандырудың арқасында бұл шығындар алынып тасталды. Нәтижесінде азаматтар 2,2 млрд теңгеден астам қаражатты үнемдеген, — деді ол.
Іс-шара барысында журналистер цифрландыру жобаларына миллиардтаған қаржы жұмсалып жатқанын айтып, оның халыққа нақты қандай тиімділік беретінін — уақыт үнемдей ме, шығын қысқара ма, әділеттілік арта ма деген сауал қойды.
— Мен айтып өткендей, «Робот сот орындаушысы» халықтың 2,2 млрд теңгесін үнемдеді. Біз роботтың өзіне қосымша қаржы жұмсаған жоқпыз, бірақ ол осындай үнемге қол жеткізді. Сол сияқты цифрландыру тек көмекші құрал ретінде емес, нақты экономикалық тиімділік әкелуі тиіс, — деп жауап берді вице-министр Бекболат Молдабеков.
Бұған дейін жасанды интеллект тек көмекші құрал, жауапкершілік адамға жүктелетінін жазғанбыз.