Бектанов, Төлешов, Ертаев, Ермегияев және Түркістанның бұрынғы әкімі қайда
АСТАНА. KAZINFORM – Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқан бірқатар шенеунік пен бизнесменнің шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шығу мүмкіндігіне қатысты мәліметпен бөлісті.

Kazinform агенттігінің ресми сауалына ҚАЖК берген жауапқа қарағанда, 1981 жылы дүниеге келген Кентау қаласының бұрынғы әкімі Аюпов Рашид Абатұлы Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №25 қауіпсіздігі орташа мекемесінде отыр. Ол 2028 жылдың 10 желтоқсанынан бастап қана ресми түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шыға алады.
Р.Аюпов 10 жылға сотталған еді.
Еске салсақ, Р. Аюпов 2022 жылы наурызда Түркістан облысы Кентау қаласының әкімі болып тағайындалған еді. Ал, 2019 жылдың шілде айынан 2021 жылға дейін Түркістан қаласының әкімі қызметін атқарды. Кентау қаласының әкімі болғанға дейін Түркістан облысы әкімінің орынбасары болды. Оған ірі көлемде пара беруге итермелеу және алаяқтық жасау айыбы тағылды.
Бұрынғы банкир Ертаев Жомарт Жәдігерұлы бүгінде Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстары бойынша ҚАЖ департаменті №72 мекемесінде жазасын өтеп жатыр. Ол бұл мекемеге тергеу барысында жеткізілген. Ж.Ертаев 2020 жылдың 20 маусымында жазасын біршама жеңілдетуге, ал 2022 жылдың 5 қаңтарында шартты түрде босап шығуға өтініш беруге мүмкіндігі болды. Алайда, бір қызығы ҚАЖК мәліметіне қарағанда сотталушы осы уақытқа дейін аталған екі мүмкіндігін де пайдаланбаған.
Айта кетейік, 2019 жылдың наурызында Қазақстан Бас прокуратурасының қызметкерлері қылмыстық жауапқа тарту үшін Ресей Федерациясынан Жомарт Ертаевты экстрадициялаған болатын. Оған 2018 жылдың наурыз айында халықаралық іздеу жарияланған. Ол 2011-2017 жылдар аралығында қызметтік жағдайын пайдалана отырып, басқа тұлғалармен алдын ала келісу арқылы «BANK RBK» АҚ-ның 144 млрд теңгесін жымқырды деген күдікке ілінген.
Бастапқыда Ертаевқа 11 жылдық жаза кескен сот оның кінәсін мойындағанын, қылмыстық істі тергеуге көмектескенін, залалды ішінара өтегенін, сондай-ақ кәмелетке толмаған балалары барын ескере келе түрмеде отыру мерзімін 9 жылға төмендеткен еді.
«Сыра королі» ретінде елімізге танылған бизнесмен Төлешов Тоқтар Жүсіпұлы Шығыс Қазақстан облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №17 қауіпсіздігі орташа мекемесінде отыр. Оның шартты түрде мерзімінен бостандыққа шығу мүмкіндігі 2029 жылыдң 6 сәуірінде туындайды.
Төлешов Қылмыстық кодекстің 245 бабы, 3 бөлігі «Ұйымдарға салынатын салықты және (немесе) бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi төлеуден жалтару», 251-бабы «Жекеше нотариустардың, бағалаушылардың, жеке сот орындаушыларының, медиаторлардың және аудиторлық ұйым құрамында жұмыс iстейтiн аудиторлардың өкiлеттiктердi терiс пайдалануы» бойынша, 28-бабы «Қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысушылардың түрлерi» бойынша айыпты деп танылды. Оған 21 жыл бас бостандығынан айыру жазасы кесілді.
«Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-тың бұрынғы төрағасы Ермегияев Талғат Амангелдіұлы Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстары бойынша ҚАЖ департаменті қауіпсіздігі орташа №75 мекемесінде жазасын өтеп жатыр. Ол 2025 жылдың 11 наурызында шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шығуға өтініш бере алады.
2016 жылдың маусымында ол 14 жылға сотталып, мүлкі тәркіленді. Ермегияев «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы ҚР ҚК-нің 176-бабының 4-бөлігіндегі «б» тармақшасымен қарастырылған ауыр қылмыстарды бірнеше рет қасақана жасады деген күдікке іліккен. Айыптаушының ақпараты бойынша, жымқырылған қаражат көлемі 10,2 миллиард теңгені құрайды. Онымен бірге 22 адам сот алдында жауап берді. Сот барысында 12 айыпталушы тергеумен келісімге келген. 14 айыпталушы өз кінәларын мойнына алды.
Бұрынғы Қорғаныс министрі Бектанов Мұрат Кәрібайұлы Абай облысы бойынша ҚАЖ департаментінің қауіпсіздігі аралас №19 мекемесінде отыр. Ол 2029 жылдың 24 шілдесінен бастап шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шығуға өтініш бере алады.
М. Бектанов Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 451-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сотының 2023 жылдың 24 ақпанындағы үкімімен сотталды. Оған ең жоғары қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтей отырып, 12 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Ол 2022 жылдың қаңтарындағы оқиғалардан кейін Қылмыстық кодексінің 452-бабы әрекетсіздік фактісі бойынша қамауға алынған еді.