Бектенов ауылдағы тұрғын үй құрылысында МЖӘ тетігінің қолданылмау себебін атады

АСТАНА. KAZINFORM — Жыл басынан «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 27,5 млрд теңге сомасында 3 250 кредит берілді. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.

ауыл, деревня, ветхие дома
Фото: Александр Павский / Kazinform

— Бүгінгі таңда ауылдық жерлерге жұмыс істеу үшін келетін мамандарды қолдау «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Оның операторы — Отбасы банкі. Осы бағдарлама арқылы тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттік кредит беру көзделеді. Бағдарламаға денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы қажетті мамандықтар тізбесіне сәйкес мамандар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілері қатысады. Басты шарт — мамандар кредит алған кезде ауылдық елді мекенде орналасқан ұйымда тиісті мамандық бойынша кемінде 3 жыл жұмыс істеу міндеттемесін алуы, — деді Үкімет басшысы.

Оның мәліметінше, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап 2026 жылғы 26 ақпан аралығында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 27,5 млрд теңге сомасында 3 250 кредит берілді.

— Жеке инвестиция тарту бөлігінде бұған дейін кейбір өңірлерде тұрғын үй салу бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктері пысықталғанын атап өткен жөн. Алайда практикада құрылыс салушылар үшін өзіндік құнының жоғары болуына байланысты мұндай жобалар тиімді емес. Осыған байланысты ауылдағы тұрғын үй құрылысы сегментінде МЖӘ тетігі қолданылмайды, — деді Олжас Бектенов.

Бұған дейін Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен барғандардың 95 пайызы ауылдарда қалып жатқанын айтқан еді.

Соңғы жаңалықтар
Референдум