Беларусь криптобанктерді заңдастырды: алғашқысы алты айдан кейін пайда болуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — 16 қаңтарда Александр Лукашенко криптобанктер үшін жағдай жасауды қарастыратын жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Беларусь президентінің баспасөз қызметі.
Құжат Беларусьтің қаржылық IT-технологияларында көшбасшы ретіндегі имиджін нығайтуға бағытталған және елде криптобанктер қызметі үшін жағдай жасауды қарастырып отыр.
Жарлыққа сәйкес, криптобанк болып қызметін банк, төлем және олармен байланысты басқа да қаржылық операцияларды өткізуде цифрлық белгілерді (токендерді) пайдалану құқығы берілген акционерлік қоғам танылады. Криптобанктер Ұлттық банкке бағынатын болады.
Бұрын дәстүрлі банктер тек фиат ақшамен, ал криптобиржалар –тек криптовалютамен жұмыс істейтін. Жаңа криптобанк институты осы функцияларды біріктіруге мүмкіндік береді.
— Тағы бір маңыздысы — біз криптовалютаны криптобанк аясында қанда да бір бөлек құрал ретінде қарастырмаймыз. Бұл банктің өз балансында кәдімгі фиат ақшасымен қатар операция жүргізе алатын толыққанды валюта болады, яғни азаматтар тек криптовалюта шотына тіркелген карталарды шығара алатынын білдіреді. Кәсіпорын шотта қалған қаражатты құрылымы криптовалюта болатын шотта сақтай алады. Осындай инновация, — деп мәлімдеді Беларусь Ұлттық банкі басқарма төрағасының бірінші орынбасары Александр Егоров.
Егоровтың айтуынша, криптобиржалардың қолжетімді құралдарынан басқа криптобанк орындай алатын операциялар тізімі кеңейтіледі. Бұған криптовалюта кепілге салынатын несие беру сияқты қызметтер кіреді.
БЕЛТА хабарлауынша, Беларусьтегі алғашқы криптовалюта банкі жарты жылдан кейін пайда болуы мүмкін.
Бұған дейін Түрікменстан майнинг пен криптовалюта биржаларының қызметін заңдастырғанын жазған едік.