Бельгия басқа ЕО елдеріне өтініш берген босқындарға баспана бермейді

АСТАНА. KAZINFORM — Бельгияның федерал үкіметі өтініштері Дублин ережесіне жататын босқындарға қабылдау орталықтарынан баспана беруден бас тартуға мүмкіндік беретін заң жобасын мақұлдады.

Бельгия басқа ЕО елдеріне өтініш берген босқындарға баспана бермейді
Фото: АЗЕРТАДЖ

Жаңа шара алдымен ЕО-ның басқа елінде халықаралық қорғауға өтініш берген, содан кейін Бельгияға өтініш берген адамдарға қатысты. Бельгия билігінің ұстанымына сәйкес, мұндай жағдайларда істі қарау жауапкершілігі бірінші келген елге жүктелуге тиіс.

Елдің баспана және көші-қон министрі Аннелин Ван Боссуйт (N-VA) үкімет «asylum shopping», яғни өтініш беру үшін тиімдірек елді іздейтін тәжірибені тоқтатпақ екенін мәлімдеді.

— Баспана іздеушілер қазір бір еуропалық елден екіншісіне көшіп жүреді, процедураны әр жолы жаңадан бастайды және қабылдау орталығында олар үшін әрқашан орын болады деп ойлайды, бұл дұрыс емес. Енді біз бұған нүкте қоямыз. Басқа елде процедурадан өтуі керек адамдар Бельгияға бағын сынап көру үшін келе алмайды. Олардың жалғыз жолы — қайтып оралу, — деп атап өтті министр.

Ван Боссуйттың кабинетінің мәліметі бойынша, Бельгиядағы халықаралық қорғауға берілген өтініштердің шамамен 38%-ы Дублин ережелеріне жатады. Сондықтан баспанаға тапсырылған өтінішке ЕО-ның басқа елі жауапты деп танылғаннан кейін, өтініш берушілер сол елге бағыттау үшін мамандандырылған қайтару орталықтарына жіберіледі.

Заң жобасы баспана және көші-қон пакетінің бөлігі болып табылатын қабылдау шарттары туралы жаңартылған ЕО директивасын іске асыруға бағытталған. Құжатты министрлер кеңесі мақұлдап, Парламентке ұсынылды.

Бельгия үкіметі ЕО-ның басқа елінде халықаралық қорғау мәртебесін алған адамдарға бұрын да шектеулер қойған. Бірақ Конституциялық сот пен Мемлекеттік кеңес үкіметтің бұл шешіміне адами қадір-қасиетке төнетін тәуекелдерді ескеру қажеттігін басшылыққа ала отырып қарсы болған.

ҮЕҰ өкілдері қайталама көші-қонға көбінесе босқынның отбасымен қауышуы, өз диаспорасына барып қосылуы, сондай-ақ ЕО елдеріндегі баспана беру шарттарының ерекшеліктері себеп болатынын айтады.

Өз кезегінде, кейбір Еуропа елдерінің өзінде баспана мәселесі өршіп тұр. Мысалы, өткен айларда Испанияда халық биліктен қолжетімді баспана талап етіп бірнеше рет көшеге шықты. 

Португалияның 30-дан астам қаласында жылжымайтын мүлік пен жалдау ақысының қымбаттауына қарсы жаппай наразылық акциялары өтті.

Сонымен қатар Германия, Австрия, Дания, Нидерланды және Грекия баспана беруден бас тартқан мигранттарды Руандаға жіберу мүмкіндігін қарастырып жатыр.

Германияда баспана сұраған мигранттар саны 2011 жылдан бергі ең төменгі деңгейге түсті.