Бельгия БҰҰ Бас Ассамблеясында Палестинаны ресми түрде мойындайды

АСТАНА. KAZINFORM — Бельгия үкіметі БҰҰ Бас Ассамблеясы барысында Палестинаны ресми түрде мойындайды және Израиль үкіметіне қатысты қатаң санкциялар енгізеді. Бұл туралы елдің Сыртқы істер министрі Максим Прево X әлеуметтік желісінде хабарлады. 

Бельгия БҰҰ Бас Ассамблеясында Палестинаны ресми түрде мойындайды
Фото: X / @prevotmaxime

Бельгия Сыртқы істер министрлігі таратқан ақпаратқа сәйкес, бұл шешім Палестинадағы, әсіресе Газа секторындағы гуманитарлық дағдарысқа, сондай-ақ халықаралық құқыққа қайшы келетін Израиль әрекеттеріне байланысты қабылданған. Ел билігі мұндай қадам Израиль халқын емес, оның үкіметін қысымға алуға бағытталғанын атап өтті.

Ұлттық деңгейде 12 түрлі санкция енгізіледі:
заңсыз қоныстардан өнім импорттауға тыйым салу;
Израильдік компаниялармен мемлекеттік сатып алу саясатын қайта қарау;
заңсыз қоныстарда тұратын Бельгия азаматтарына консулдық көмекті шектеу;
әуе кеңістігінен ұшу мен транзитке шектеу қою;
екі израильдік министрді, бірнеше қоныстанушыны және «ХАМАС» басшыларын «persona non grata» тізіміне енгізу және басқалар.

Сонымен қатар, Бельгия ЕО деңгейінде Израильмен ынтымақтастықты уақытша тоқтатуға, оның ішінде ЕО-Израиль ассоциация келісімін, ғылыми-зерттеу және техникалық бағдарламаларды тоқтата тұруға қолдау білдіреді.

Ел сондай-ақ Франция мен Сауд Арабиясы бастамасымен Палестинаны мойындау жөніндегі бірлескен қадамға қосылады.

— Бұл Израильдің қоныстандыру саясатына қарсы және екі мемлекет шешімін қолдайтын маңызды саяси әрі дипломатиялық қадам болмақ, — делінген хабарда.

Ресми мәлімет бойынша, Палестинаны мойындау жөніндегі құжат Корольдің жарлығымен рәсімделеді. Бұл процесс «7 қазан оқиғасынан кейінгі соңғы тұтқын босатылғанда және ХАМАС Палестина аумағында басқару жүргізуді толық тоқтатқанда» жүзеге асырылады.

Сонымен бірге, Бельгия Палестинаны қалпына келтіруге белсенді қатысатынын және антисемитизмге қарсы шараларды күшейтетінін мәлімдеді.

Айта кетейік, бұған дейін Газа секторы кемінде 10 жылға АҚШ протекторатына берілуі мүмкін екенін жаздық.

Соңғы жаңалықтар