Белградта президент Вучичтің үкіметіне қарсы наразылық шаралары өтті
АСТАНА. KAZINFORM – Сенбі күні Белградта ондаған мың адам жаппай митингке жиналды. Бұл жолғы митинг Сербия президенті Александр Вучичтің үкіметіне қарсы наразылық шараларының шарықтау шегі болды, деп хабарлайды Euronews.

Жаңбыр жауып тұрғанына қарамастан туларын ұстаған демонстранттар ел астанасының алаңына толып, адамдардың қимылдауының өзі қиынға соқты. Көпшілігі акция өтетін орынға жете алмай қалды.
Наразылық білдірушілер қаланың әр аймағындағы келісілген бірнеше алаңға жиналды. Ол орындар жоғары дайындық режиміне көшіріліп, қоғамдық көлік қозғалысына тыйым салынды.
Наразылық шаралары өтердің алдында Вучич тәртіпсіздіктер болуы мүмкіндігін айтып, оған қатысушылар тұтқындалып, қатаң шаралар қолданылуы мүмкіндігі туралы ескертті.
Төрт айдан астам уақыт бойы жалғасқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы наразылықтардан кейін өтіп жатқан бұл митинг Балқан елінде үкіметке қарсы бағытталған ең ірі акциялардың бірі болды және ол министр, премьер-министр және президент лауазымдарында 13 жыл бойы билікті уысынан шығармай келе жатқан Вучич үшін айтарлықтай қауіп еді.
Наразылық білдіруге шыққан студенттер 1 қарашада Сербияның солтүстігіндегі Нови-Саде қаласында теміржол станциясында бетон бастырма құлап, 15 адам құрбан болғаннан кейін басталған жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысты бастады.
Сербия халқының басым көпшілігі бұны жемқорлыққа белшесінен батқан үкіметтің, өз ісіне немқұрайды қарау, құрылыс саласының қауіпсіздік ережесін сақтамаудың салдары деп біледі.