Белгісіздер зиратына жерленген ақтөбеліктің жақындары полициядан моральдық шығын өтеп алды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбеде суға кетіп көз жұмып, кейін екі айдан астам мәйітханада жатқан, белгісіздер зиратына жерленген Аман Жақаевтің анасы мен қарындасына полиция моральдық шығын төлейді. Әрқайсысына 300 мың теңге беруі тиіс.

кладбище могилы зират қабірлер
Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

Ақтөбе қалалық сотында марқұм Аман Жақаевтің анасы мен қарындасының шағымы бойынша ҚР Қаржы министрлігінен, Ақтөбе облыстық полиция департаментінен моральдық зиянды өндіру туралы азаматтық ісі қаралды. Іс материалына сүйенсек, ақтөбелік 2024 жылдың 16 маусымында Қарғалы өзеніне батып кеткен. Ақтөбе қалалық полиция басқармасы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастап, мәйітті қарағаннан кейін оқиға туралы оның жақын туыстарына хабарламаған. Оның денесін екі ай мәйітханада ұстап, 2024 жылдың 6 қыркүйегінде белгісіздер зиратына жерленген. Ал туған-туыстары бұл туралы 2024 жылдың 9 кыркүйегі күні білген. Талап қоюшылар Ақтөбе облыстық полиция департаменті мен Қаржы министрлігінің әрқайсынан 2 000 000 теңге көлемінде моральдық зиян ретінде өтемақыны өндіруді сұраған. 

- Сот талап қоюшылардың өз жақын туысын жер қойнына тапсыру, жоқтау салтын ұстанып, кәдесін жасау мүмкіндігінен айыруды моральдық зиян шеккен деп санады. Соттың шешімімен Ақтөбе облыстық полиция департаментінен әр талап қоюшының пайдасына 300 000 теңгеден өндірді. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ,- деп хабарлады Ақтөбе қалалық сотының баспасөз қызметі. 

Еске салсақ, белгісіздер зиратына жерленген Аман Жақаевтің анасы мен қарындасы сот арқылы полиция департаментінен 4 млн теңге моральдық залал талап етті.

Соңғы жаңалықтар