Берденовке жасалған қастандық: Сарапшы Шымкенттегі қылмыстың өсу себептерін атады
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM - Қала әкімінің орынбасарына жасалған қарулы шабуыл, сондай-ақ қалада қылмыс деңгейінің күрделене түсуі көпшілікті алаңдатып отыр. Бұл жүйелі әрі дер кезінде шаралар қабылдау қажеттігін көрсетеді.

ҚР Бас прокуроры Берік Асыловтың мәлімдеуінше, жылдың алғашқы үш айында елдегі қылмыс деңгейі төмендеген. Алайда осы оң үрдіс аясында Шымкент ерекше көзге түсіп отыр — мұнда қылмыс 25,8 пайызға артқан.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған резонансты шабуылдан кейін қауіпсіздік мәселесі қайтадан қоғам назарына шықты. Қалалық әкімдік маңындағы оқиға қылмыстық тергеудің нысанына ғана айналып қоймай, мегаполис тұрғындарының қаншалықты қорғалғанын және неге Шымкент қылмыс өсімі ең жоғары өңірлердің қатарына енгені жөніндегі талқылауға себеп болды.
Осы жағдайды саралап, дағдарыстан шығудың ықтимал жолдарын анықтау үшін көпшілікке белгілі адвокат және қоғам қайраткері Евгений Яворскийден пікір сұрадық.
— Соңғы жылдары Шымкентте қылмыстың өсуі байқалады. Бүгінгі таңда жағдай қаншалықты күрделі?
— Шынында да, Шымкент алаңдатарлық жағдайға тап болды — қылмыстардың, соның ішінде күш қолданумен жасалатын қылмыстардың саны артып келеді. 2024–2025 жылдарға арналған ресми деректер толық жарияланбағанымен, қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қарулы шабуыл сияқты оқиғалар өзінен-өзі көп нәрсені аңғартады. Бұл – көше қылмысының айқын көрінісі.
— Сіздің ойыңызша, бұл өсімнің артында не тұр?
— Бұл жағдайдың негізінде әлеуметтік факторлардың жиынтығы жатыр. Ең алдымен, бұл — қарқынды дамып келе жатқан мегаполистердегі экономикалық теңсіздік. Бұған заңсыз қару айналымын бақылаудың әлсіздігін қоссақ — өте қауіпті үйлесім пайда болады.
— Руслан Берденовке қатысты оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды. Бұл жағдай халықты неге сонша алаңдатты?
— Себебі бұл — жоғары лауазымды шенеунікке жасалған шабуыл, яғни қорғауға барлық мүмкіндігі бар адамға бағытталған әрекет. Егер, оның өзі қорғалмаған болса, онда қарапайым халық туралы не айтуға болады? Қауіпсіздік қызметі, арнайы жағдайлар немесе артықшылықтары жоқ тұрғындар үшін бұл — үлкен алаңдаушылық туғызады.
— Бүгінгі оқиғалар аясында Шымкенттің қандай бейнесі қалыптасып жатыр?
— Тарихи тұрғыда Шымкент Алматы немесе Астанамен салыстырғанда, тыныш қала саналатын. Алайда бұл пікір қазір өзгеруде. Адамдар тонау, ұрлық, шабуыл сияқты оқиғаларға жиі тап болуда. Қала халқы 1,2 миллионнан асады және билік жедел әрі ойластырылған шаралар қабылдамаса, қылмыстық ахуалдың одан әрі нашарлауымен бетпе-бет келуіміз мүмкін.
— Қала әкімінің орынбасарына жасалған шабуыл мен қылмыскер қолданған қару туралы не айтасыз?
— Полиция мәліметі бойынша, қылмыскер «Сайга-12» қаруын қолданған — бұл Калашников автоматының азаматтық нұсқасы, аңшылар арасында танымал. Қару көздерінің қайдан келгені туралы сұрақ әлі ашық күйінде қалуда. Қазақстанда қару-жарақ тіркеу мен лицензиялауға қатысты қатаң тәртіп орнатылғанымен, көлеңкелі нарық бар және ол әлі де нақты бақылауға алынбаған секілді.
— Халық арасында қарудың саны туралы мәлімет бар ма?
— Шымкент бойынша нақты статистика жоқ, бірақ жалпыұлттық көрсеткіштерге сүйенсек, әр 100 мың адамға шамамен 15-20 мың тіркелген қару түседі деп болжауға болады. Ал заңсыз қарудың көлемін бағалау қиын, дегенмен оның қолданылу жағдайлары мәселенің ауқымдылығын көрсетеді.
— Қандай қадамдар жағдайды өзгерте алады?
— Мен төрт басым бағытты ұсынар едім:
1. Патрульдеу жұмысын күшейту қажет, әсіресе кешкі және түнгі уақытта.
2. Заңсыз қару айналымымен күресу керек. Бұл жерде жүйелі тексерулер қажет.
3. Қылмыстың қозғаушы күші жиі болатын экономикалық теңсіздікті төмендетуге бағытталған әлеуметтік бағдарламалар.
4. Азаматтардың билікке деген сенімін қалпына келтіру үшін қылмыс статистикасын ашық әрі тұрақты жүргізу керек.
— Егер бұл шараларды қабылдамасақ, қандай қауіптер туындауы мүмкін?
— Шымкент — елдің маңызды мәдени және экономикалық орталығы. Алайда, егер шұғыл шаралар қабылданбаса, қала қауіпсіз және өмір сүруге қолайлы орын ретінде өзінің беделін жоғалтуы мүмкін. Берденовке жасалған шабуыл — бұл тек жеке трагедия ғана емес, сонымен қатар қала болашағы туралы қоғамдық диалогқа себеп болды. Өкінішке орай, біздің азаматтар мәдени құндылықтарын жоғалтып барады.
Айта кетейік, кеше Шымкентте қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасалды. Күдікті шенеунікке қарай үш рет оқ атқан. Оқиға салдарынан әкімдік қызметкері жарақат алып, ауруханаға жеткізілді.
https://kaz.inform.kz/news/shimkentte-akmnn-orinbasarin-atip-kett-5690a9/
Ал, бүгін дәрігерлер Руслан Берденовтың өміріне қауіп төніп тұрмағанын айтты. Жасалған ота да сәтті өтті.