Бердібек Сапарбаев: Осы күнге кімдердің арқасында жеткенімізді ұмытпау керек
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ақтөбеліктерді мерекемен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбеліктер Жеңіс күнін «Даңқ» обелискі, Әлия Молдағұлованың мемориалдық кешені, Батырлар аллеясы, Әлия Молдағұлованың бюсті, «Зеңбірек» ескерткіші, Бауырластар зиратына гүл қоюмен бастады. Атасы мен әкесін, бауырларын еске алғандарды облыс әкімі Бердібек Сапарбаев құттықтады.
«Бүгін - тарихи жеңісті күн. Бұл - сұрапыл, қайғылы, қасіретті, ұзақ жылға созылған соғысты жеңген күн. Адамзат тарихында мұндай соғыс болған емес. Соғыста тек бірлік, ынтымақ, қажырлылық, қайрат жеңіске жетуі керек еді. Сол кездегі кеңес халқы бір отбасыдай бірігіп, төрт жыл бойы фашистермен соғысып, өздерінің ерліктерінің, қажырлылықтарының арқасында жеңіске жетті. Кішкентай баладан бастап, ақсақал, кейуанаға дейін Отан үшін, ел үшін, болашақ үшін деп соғысты, еңбек етті. Біздің ағаларымыз бен апаларымыз, 5-6 жастағы балалар мен қыздар соғысты тамақпен, киім-кешекпен, қару-жарақпен, оқпен қамтамасыз етті. Осындай ерліктерді ұмытуға бола ма? Біз, қазіргі заманның ұрпағы осы заманға, тәуелсіздікке, дамуға кімдердің арқасында жеткенімізді ұмытпауымыз керек»,- деді Бердібек Сапарбаев.
Бүгін әр ақтөбелік атасын, әкесін, майданға аттанып, елге оралмаған бауырын еске алды. Ақтөбе облысынан 122 мың 423 адам соғысқа қатысты. Оның 36 мыңнан астамы елге қайтып оралған жоқ. Ақтөбеден 35 Кеңес Одағының батыры, 9 «Даңқ» орденінің толық кавалері шықты. Ал 15 мың жауынгер ордендер мен медальдер алды.
«Ақтөбеліктердің ендігі міндеті - соғыс ардагерлеріне бас иіп, қалған өмірлерін жақсы өткізуге бар мүмкіндік жасау. Бүгін кішкентай балалардың қолына ата, әжелерінің суретін алып, әскери киініп тұрғанын көрдік, көңілімізге жақсы сезім орнықты. Балаларымызды осылай тәрбиелеуіміз керек. Соғыс ардагерлерін, еңбек ардагерлерін жеңіс күнімен құттықтап, денсаулық тілейміз»,- деді Бердібек Сапарбаев.