Бердібек Сапарбаев туған жерге келген ақтөбеліктерге алғыс айтты
Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев «Туған жер» форумына қатысушыларға алғысын айтты. Ақтөбелік жастар өз жерлестерін үлгі ететінін, ғарышкер Юрий Лончаковты, Қорғаныс министрінің орынбасары Мұрат Макеевті, әскери қайраткер Болат Жанасаевты, қазақтан шыққан тұңғыш дәрігер Аққағаз Досжанованы, Ұлттық нейрохирургия орталығының директоры Серік Ақшолақов пен Ұлттық транплантология орталығының директоры Жақсылық Досқалиевті, ғалымдар Жасарал Еңсепов, Анар Жұбановны секілді тұлғаларды үлгі тұтатынын жеткізді.

«Әрбір адам үшін туған жері қымбат. Қазақта «туған жердей жер болмайды, туған елдей ел болмайды» деп айтады. Қазақ туған жерін, туған елін, туған тілін бойтұмайындай қастерлеген. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында осы бағытта келесі тапсырмалар берді. Дамыған 30 елдің қатарына қосыламыз десек, рухани дамуымыз керек. Әрбір қазақстандықтың, өскелең ұрпақтың өзінің еліне, ұлтына деген сүйіспеншілігін ояту, дамыту парыз»,- деді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев. Өңір басшысы форумға жиналған ақтөбеліктерге облыстың жетістіктерін тізбектеп берді. Мәселен, 25 жыл ішінде ақтөбеліктердің өмір сүру жасының ұзақтығы 5 жасқа өсіп, 72,8 құрады. Халық саны 15 пайызға артып, 850 мыңға жетті. Ал Ақтөбе қаласында 470 мың адам тұрады.

Форум аясында 80 млрд теңгеден астам сомаға ірі әлеуметтік-экономикалық жобаларды жүзеге асыру туралы 20 меморандумға қол қойылғанын атап өту керек.
«Тәуелсіздік жылдары Ақтөбеде 120 мектеп, 500-ге жуық мектепке дейінгі мекеме, 150 медицина нысаны салынды. Өңірде «Батыс Қытай - Батыс Еуропа» халықаралық дәлізінің құрылысы бітті. Өткен жылдан бастап Ақтөбе-Атырау- Астрахань бағытындағы тасжолды салу жұмысы жүріп жатыр. Ақтөбе-Орск жолы да жөнделуде. Бастысы - дағдарысқа қарамастан негізгі азық-түлік түрлеріне бағасының өсуіне жол берген жоқпыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өндірісті жаңғыртуды тапсырды. Алдағы уақытта кәсіпорындар 400 миллиард теңгеге жаңғырту жұмыстарын жүргізеді. Тек өндірісте емес, құрылыс, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, бизнес секілді бағытта жаңғырту жұмыстары жүреді»,- деді өңір басшысы Бердібек Сапарбаев.
Форумға қатысқан ақтөбеліктер жалпы құны 5 млрд. теңге болатын әлеуметтік маңызы бар жобаларға қолдау білдіретіндерін жеткізді. Олар көмек білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жаңартып, жетім балаларды тұрғын үймен қамтамасыз етуге, балабақшалар салуға уәде берді. Сонымен қатар, «Батыр аналарға тағзым» кешенін салу жоспарда бар.