Бердібек Сапарбаевтың мектеп жанындағы лагерьлерге көңілі толмайды

«Мектеп жанындағы лагерьлерге қатысты айтарым, балалар 9 ай мектепте болады, одан кейін тағы да 3 ай мектепте жүреді. Шынын айтсақ, мектеп жанындағы лагерьлердің көбісі дұрыс жасамайды. Біздің ұсынымыз, шатырлық, еңбек, спорттық лагерь, ең негізгісі өңіраралық лагерьлер ұйымдастыру керек. Мәселен, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарының табиғатымен біздің табиғатты салыстыруға болмайды. Біз енді сол жаққа балаларды көбірек жіберсек, қатарластарымын танысып, табиғатты тамашалап жақсы демалар еді», - деді Ақтөбе облысының әкімі.
Осы ретте Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев өңіраралық лагерьлерді ұйымдастыру ешқандай проблема еместігін айтты. «Әріптестеріңізбен келісіп, орын болса жібере жатарсыздар. Өйткені ол жердегі балалар да сол лагерьлерге барып демалғысы келеді. Ал мектеп жанындағы лагерьлерді шатырлық, киіз үйлік лагерьлер ретінде ұйымдастыру қолдарыңыздағы дүние ғой. Мектептің жанынан емес Ойылдың ба, Ырғыздың ба жанынан ұйымдастырыңыз», -деп ұсынды Премьер-Министр облыс әкіміне.
Алайда Бердібек Сапарбаев алдағы уақытта Білім және ғылым министрлігі мектептердің жанындағы лагерьлерді азайтып жібердіңдер деп сын айтуы мүмкін екендігін атап өтті.
«Ерлан Кенжеғалиұлы сұрайыз ба, сұрамайсыз ба?», - деп қайырылды Үкімет басшысы Білім және ғылым министрі Сағадиевке.
«Оны сұрамаймыз. Арнайы индикаторымыз жоқ. Бірақ, мектептің жанындағы лагерьлердің көпшілігі спортқа арналған. Футбол, баскетбол ойнайды. Мұндай лагерьлер керек», - деп жауап берді Ерлан Сағадиев.