Берлин әуежайының жұмысы дронға байланысты уақытша тоқтатылды

АСТАНА. KAZINFORM — Германия астанасында бірнеше рейс кешіктіріліп, ұшақтар басқа әуежайларға бағытталды, деп хабарлайды ТАСС.

Берлин әуежайының жұмысы дронға байланысты уақытша тоқтатылды
Фото: Report

Ұшқышсыз ұшақтың салдарынан Вилли Брандт атындағы Берлин-Бранденбург халықаралық әуежайының жұмысы уақытша тоқталды. Біраз рейс басқа әуежайларға бағытталды. Сонымен қатар ұшақтардың ұшып-қонуында кешігу байқалды. Атап айтқанда, Базель, Осло және Барселонаға рейстер кешіктірілді. Лондон, Бирмингем, Манчестер, Стокгольм, Хельсинки және Анталиядан ұшақтар басқа әуе айлақтарына бағытталды.

Бранденбург полициясы өкілінің айтуынша, әуежай маңындағы дрон туралы ең алдымен бір адам хабарлаған. Ұшқышсыз ұшақты патрульдік машинаның экипажы да байқады. Алайда, аппараттың орналасқан жерін анықтау мүмкін болмады.

— Соңғы айларда дрондар Германияның азаматтық нысандарының жұмысын бірнеше рет бұзды, — делінген ақпаратта.

Елдің ішкі істер министрі Александр Добриндттің айтуынша, 26 қыркүйекке қараған түні Шлезвиг-Гольштейн аспанында дрондар тобы байқалған. 3 қазанда Мюнхен әуежайы бірнеше ұшқышсыз ұшақтардың көрінуіне байланысты жұмысын тоқтатқан. Сол күні федералды полицияның анықтау жүйесі Майндағы Франкфурт әуежайының батыс бөлігіндегі әуе кеңістігінің бұзылуын тіркеді.

Айта кетейік, Сирияның оңтүстігіндегі Эс-Сувейда тұрғын алқабын дрондар шабуылдады.

Соңғы жаңалықтар