Берлин турнирінде Рыбакина әлемнің 1-ракеткасына есе жіберді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 11-ракеткасы Елена Рыбакина Берлин (Германия) WTA 500 турнирінің жартылай финалынан тыс қалды.

Елена Рыбакина
Фото: olympic.kz

Қазақстандық теннисші ширек финалда әлемнің 1-ракеткасы, белоруссиялық Арина Соболенкомен сынға түсті.

Осыған дейін қарсыластар өзара он рет кездесіп, соның төртеуінде Рыбакина жеңген еді.

Екі сағат 44 минутқа созылған тартысты матчта Соболенко 7:6 (8:6), 3:6, 7:6 (8:6) есебімен жеңіске жетті. Өкінішке қарай, шешуші тай-брейкте есеп 6:2 болып, қазақстандық теннисші төрт бірдей матчболды пайдалана алмады.

Бәсеке барысында Рыбакина 14 эйс, 6 брейкпен (10 брейк-пойнт) көзге түсті.

Арина Соболенко финалға шығу үшін чехиялық Маркета Вондроушовамен таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Германиядағы жарыстың жартылай финалына өткенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар