Берлинде патрульдік қызмет атқарған: Қызылордалық Төлеген Жүнісов 103 жасқа толды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - Жеңістен кейін Берлинде патрульдік қызмет атқарған қызылордалық қарт майдангер Төлеген Жүнісов биыл 103 жасқа толды.
Төлеген Жүнісов 1921 жылы Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданы, Жаңарық ауылында дүниеге келген. 1942 жылы қызыл әскер қатарына қабылданып, кіші командирлер дайындайтын курста білім алады. Украинада №688 атқыштар полкінде ұрыста болған. Украинаны жаудан азат ету жолында ерліктің ерекше үлгісін көрсетті.
Бейбіт кезеңде:Берлинге дейін жеткен майдангер жеңістен кейін елге қайтарылмай Берлинде қалып, қала маңында патрульдік қызмет атқарады.
Ол кісі Рейхстагқа ту тігілген сәтті әлі күнге дейін ұмытпайды.
«Мұржаның түбіндегі кесектер алынып, сол жерде ту желбірегенде ерекше қуандық. Бірақ соған жету үшін қаншама боздақтың қаны төгілді. Енді соғыс болмасын», - деді қарт майдангер.
1946 жылы елге оралған соң өз ауылында бейбіт еңбекке араласады. Теміржол саласында жол монтері болады. Тозығы жеткен шпалдарды ауыстыру, төсеу, шегендеп қағып, бекіту секілді жұмыстарымен айналысады.
1983 жылы зейнет демалысына шыққанға дейін Қызылорда белгі беру және байланыс дистанциясында еңбек етеді.
Жауынгерлік ерлігі үшін майдангер «І дәрежелі Ұлы Отан соғысы» ордені, «Германияны жеңгені үшін», «За боевые заслуги», «За отвагу», «КСРО қарулы күштеріне – 60 жыл», «КСРО қарулы күштеріне – 70 жыл» және бейбіт күндерде «Еңбек ардагері», «Астанаға – 10 жыл» медальдарымен марапатталған.
Бүгінде ақсақал - 2 қыз, 1 ұлынан тараған 8 немере, 2 шөберенің атасы.
Айта кетсек, Сыр өңірінде Жеңістің 79 көктемін қарсы алған 4 майдангер бар. Олардың ішінде Төлеген Жүнісов биыл 103 жасқа толса, сырдариялық Яхия Тасыров 102, Тілеуберген Тобабергенов пен қызылордалық Әбдрахман Байтіков 100 жасқа келді.
Еске салсақ, биыл Қызылорда облысында қарт майдангерлерге 2,5 миллион теңге берілді.