Бес жасар баланы судан алып шыққан студент оқиғаны баяндады

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - 2016 жылы туған баланың суға батып, ағыспен кетіп бара жатқанын көрген студент бірден құтқаруға кіріскен. Студент оқиғаның мән-жайын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бес жасар баланы судан алып шыққан студент оқиғаны баяндады

Айбар Серік кеше сағат 15:00 шамасында Қарғалы өзенінен балалардың дауысын естіп, жүгірген.
«Бір баланың ағып бара жатқанын көрдім. Ес-түзсіз болды. Шығарған соң досым Бимырза Манас екеуміз алғашқы көмек көрсеттік. Жасанды жолмен тыныс алуға көмектестік. Аяғын көтердік. Есін жиғанда жедел жәрдем шақырдық»,- деді Айбар Серік. Ол Атырау құрылыс энергетика колледжінің студенті болып шықты. Досы Ақтөбедегі № 55 орта мектептің оқушысы.
Еске салсақ, облыстық төтенше жағдайлар департаменті бүгін студенттің кішкентай баланы құтқарғаны туралы хабарлап, оған алғысын білдірді. Балалар су жағасында бір топ болып ойнап жүрген.