Бет-жүзін бүркемелегендерге ескерту жасалып жатыр - ІІМ

АСТАНА. KAZINFORM – Қазір полиция бет-жүзін тұмшалап жүретін адамдарға ескерту жасап жатыр. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлім етті.

миграционная полиция
Фото: Polisia.kz

- Бұл ретте елде әкімшілік жауапкершілік енгізілді. Біріншіден, полицейлер осы нормаға қатысты тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қазір әкімшілік жауапкершілік бойынша 21 адам ғана жазаланды, оларға ескерту жасалды. Жалпы, бұл норма бойынша айыппұл ескерілген. Заң күшіне енгеніне көп уақыт өткен жоқ. Сондықтан полиция қазір ескертумен ғана шектеліп жатыр. Айыппұл 10 АЕК сомасында қарастырылған, - деді С. Әділов Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Еске салсақ, былтыр бетін бүркемелегендерге айыппұл салуға қатысты құжат қабылданды.

Қоғамдық орындарда бет-әлпетті тануға кедергі келтіретіндей бүркемелеуге қатысты заң талаптарын бұзу әрекетіне әкімшілік жауапкершілік енгізілді. Алғаш рет заң талаптарын бұзғаны үшін ескерту жасалады, ал бұл жағдай қайталанса, 10 АЕК сомасында айыппұл салынады.

Биыл сәуір айында Атырауда бет-жүзін бүркемелеген 11 адам жауапқа тартылғаны хабарланды.